Ангелина Лукас Жәнібек Әлімханұлының Астанадағы жекпе-жегінен кейін үндеу жолдады

08.04.2025, 08:37

Ол да Жәнібек секілді тарих жасағысы келеді

Ангелина Лукас Жәнібек Әлімханұлының Астанадағы жекпе-жегінен кейін үндеу жолдады
instagram.com/angelina_lukas1997/

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас жанкүйерлеріне үндеу жолдап, өзінің кезекті жекпе-жегін Қазақстанда өткізгісі келетінін мәлімдеді. Белгілі спортшы титулдық айқасты өзі туған Тараз қаласында өткізуге аса ниетті.

Бұл туралы боксшы қыз Жәнібек Әлімханұлының Астанада өткен кезекті айқасынан соң айтып отыр.

«Менде сіздермен бөлісер керемет жаңалық бар! Дүниежүзілік чемпиондық титулымды Қазақстанда қорғағым келеді. Бұл тек мен үшін ғана емес, мен туып-өскен Тараз қаласы үшін де тарихи әрі маңызды оқиға болатынына сенімдімін. Бұл жекпе-жек өз елімде, өз қаламда өтуі үшін бар күшімді саламын. Менің сүйікті жанкүйерлерім мен қымбатты қазақстандықтарым мені экраннан емес, аренадан тікелей қолдай алғанын қалаймын. Мен бұл арманымды жүзеге асыруға барымды саламын. Бұл — менің арманым әрі бәріміз үшін ортақ тарих», - деді боксшы.

Бұған дейін Ангелина Лукас BoxRec+ рейтингісінде 4-шы орынға көтерілген болатын. Ол жыл басында «IBA чемпиондар түні» турнирі аясында нигериялық Айисат Орийомимен кездесіп, жеңіске жетті. Аталған жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланғанымен, төртінші раундтан кейін Айисат кездесуді жалғастырудан бас тартқан еді.

Айта кетейік, Лукас кәсіпқой мансабында барлығы 15 жекпе-жек өткізіп, 14 жеңіске жеткен. Жеті жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаса, бір кездесуде жеңіліс тапты.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам