
Сәкен Бибосынов жартылай финалда өзбектің даңқты боксшысы Хасанбой Дусматовтың туған інісі Фарезбек Дусматовпен жұдырықтасады
Ресейдің Хабаровск қаласында Коротковты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир жалғасуда. Ширек финалда Қазақстан құрамасының бірінші номерлі боксшылары сенімді жеңіске жетті.
Атап айьқанда, 48 келіде Теміртас Жүсіпов ресейлік Прокофьевті 5:0 есебімен анық жеңсе, Сәкен Бибосынов (54 кг) Ресей өкілі Курбан Байрамбековке еш мүмкіндік қалдырмады. Тіпті, бір рет ұрып құлатып, төреші нокдаун санады. Қорытынды есеп – 5:0.
Мұхамедсабыр Базарбайұлы (67 кг) да бабында екенін көрсетті. Ол Беларусь боксшысы Даниил Титконы екі рет ауыр нокдаунға жіберген соң, төреші жекпе-жекті уақытынан бұрын тоқтатуға мәжбүр болды.
92 келіде өнер көрсеткен Сағындық Тоғамбай да ресейлік Егер Плоцынды қиындықсыз жеңді. Тіпті, жекпе-жек барысында орыс боксшысының мұрны сынып кетті.
Ал, Бекзат Алдамжаров (51 кг), Бейбарыс Жексен (60 кг) және Фарух Тохтасынов (71 кг) жеңіліп, жарысты аяқтады.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов жартылай финалда өзбектің даңқты боксшысы Хасанбой Дусматовтың туған інісі Фарезбек Дусматовпен жұдырықтасады.