
Ол ұлттық құраманың бапкерлер штабында былтыр жұмыс істеген
Қазақстан дзюдошылары Азия чемпионатында өнер көрсетіп жатыр. Құраманың негізгі балуандарының біразы құрлық біріншілігіне түрлі себептермен барған жоқ. Десе де, Таиландта отандық жас дзюдошылар үш бірдей қола жүлдеге қол жеткізіп отыр.
Айта кету керек, Азия чемпионатына Қазақстан құрамасы бас бапкерсіз аттанды. Ұлттық құраманың тізгінін ұстайтын жаттықтырушы бірнеше айдан бері табылмай жатыр. Ал, Ресейден алдыртқан италиялық даңқты маман Энцо Гамба жұмысын онлайн форматта істеп жатқан көрінеді.
Осы орайда біз ұлттық құраманы бұған дейін жаттықтырған Елдос Жұмақановпен хабарласып, оның отандық дзюдода болып жатқан осынау мәселелерге көзқарасын сұрап білдік.
– Елдос мырза, сұхбаттарыңыздың бірінде ұлттық құрамадан кетуіме жалақының аздығы себеп болды деген едіңіз. Ұлттық құрамадағы бапкерлердің жалақысы аз болып жатса, өңірлердегі бапкерлердің жағдайы мүлдем мүшкіл шығар? Дзюдо бапкерлері шамамен қанша жалақы алып жүр?
– Ұлттық құрамадан кетуімнің басты себебі – отбасым. Қаншама жыл оқу-жаттығу жиындарында болып отбасыма көп уақыт бөле алмадым. Отбасымның жанында балаларымның өскенін байқамай қалған кездерім де болды.
Ал, екінші себеп – осы отбасым алаңсыз өмір сүруі үшін жеткілікті қаражат қажет.
Жаңа жылдан кейін ұлттық құрама бапкерлерінің жалақысын өсіргенін естідім. Менің уақытымда баc бапкерлер 500 мыңнан жоғары алған. Мен өзім 200 мыңдай ғана алдым. Сонымен қатар, облыстық шеберлік мектебінде жұмыс істеп, 162 мың және тағы 80 мыңдай алып отырдым. Ал, облыстық бапкерлердің жалақысы кім қандай мектепте жұмыс істегенніне байланысты. Әр облыста, әр қалада жалақы әр түрлі. Шамамен 200 мың теңгеден аспайды деп ойлаймын.
– Қазір ұлттық құраманың бапкерлер штабына қатысты даулы әңгімелер көп айтылып кетті. Ресейден алдыртқан италиялық маман Энцо Гамбаның келуін біреулер жақсылыққа баласа, енді біреулер критика айтып жатыр. Сөйтсек, Гамба Қазақстанға мүлдем келмепті, ол жаттығуды онлайн жасатады екен. Гамбаның ұлы бапкер екеніне дауымыз жоқ, бірақ жаттығуды телефон арқылы жасату деген қаншалықты қалыпты құбылыс? Дзюдошыларға пайдасы тиіп жатыр ма?
– Жеке басым, мен мұндайды қолдамаймын. Мысалы мен біреуге тапсырма берсем, қасында қадағалап отырмасам көңілім толмайды. Қанша жерден түсіндіріп айтып берсем де бұл жұмысқа көңілім толмайды.
Бірақ Гамбаның аңыз адам бапкер ретінде білеміз, танимыз мойындаймыз оны. Әлемдегі танымал, мықты бапкерлердің қатарынан екеніне де дау жоқ. Бірақ, қазір біздің елде істеп жатқан жұмысына көңілім толмайды. Мүмкін болашақта өзі келіп, толық жұмыс істейтін шығар. Адам өзі қолымен ұстап, көзімен көрмеген жұмыс нәтиже бере ме, бермей ме – алдағы уақытта көреміз.
Әрине біз өзіміздің ұлттық құрамаға жамандық тілемейміз. Тек қана сәттілік. Жеңіске жетіп, биіктен көрініп жатса, біз тек ғана қуанамыз. Жаным ашығандықтан ғана жоғарғыдай пікір айтып жатырмын.
– Жалпы, ұлттық құрамаға шетелден мамандар тарту дегенге көзқарасыңыз қалай? Біреулер қарсы шығып жатады: өз мамандарымызға сенім арту керек деп. Біреулер тәжірибе үшін керек дейді. Сіз не дейсіз?
– Егер біздің дзюдо құлдырап жатса, дым нәтиже болмаса немесе жаңадан құрама жасақталып жатса, шетелден мықты мамандар тартуға қарсылығымыз жоқ. Бірақ бізден қаншама әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегерлері, Олимпиада чемпионы шықты. Бұл дзюдошылардың жетістігі бір-екі жылдық жұмыс емес қой. Бұл қазақ бапкерлерінің таза еңбегі. Мысалы, Максим Раков, Асқат Житкеев, Рустам Ибраев, Азамат Мұқан, Ғұсман Қырғызбаев, Елдос Сметов, Асқат Шаханов сияқты дзюдошылар бар. Оларды шетелдің мамандар дайындамады ғой. Олардың бәрі қазақ бапкерлерінің тәрбиесімен жаттығуларының нәтижесі.
Керісінше бізге шетелге бапкерлерді шығарып, оқыту қажет. Шетелдің мамандарына берген ақшаны қазақ бапкерлерін оқытсақ – сол тиімдірек.
Кейде бізге шетел мамандары мен бапкерлерінен үйреніңдер дейді. Менің ойымша шетелден келген бапкерлер 100% үйретпейді. Олар толыққанды үйретуге де міндетті емес. Өз құпиясымен толықтай бөліспейді.
– Ұлттық құрама әлі бапкерсіз. Бас бапкерлікке кімдерді ұсына аласыз?
– Бізде, сен тұр мен атайын деген мамандар көп. Атап айтар болсам Еркебұлан Қосаев, Асқат Илманов, Айбек Имашов, сондай-ақ Олимпиада чемпионын шығарған Ғалымжан Жылгелдиев, Ермек Нәсиев, Бекжан Әбдуалиев, Мейіржан Қалтаев сияқты кіл мықты бапкерлер бар. Ауызбіршілік танытып жұмыс істесе нәтиже болады. Соның бәрін біріктіретін бір адам қажет.
– Жыл басынан бері Қазақстан дзюдоршылары кемі 5-6 ірі турнирге қатысты. Бірақ, Абибаның жеңістерінен өзге ешнәрсе жоқ. Ұлттық құраманың әлеуеті бұрыннан осындай нашар ма, әлде биыл дайындық төмен бе?
– Бұл туралы қазіргі уақытта түк айта алмаймын. Себебі ұлттық құраманың басы-қасында жүрген жоқпын. Бәлкім бұл олардың тактикалары шығар. Басында төмен нәтижемен бастап, кейін жақсы нәтиже көрсететін шығар. Қазір Азия чемпионатына жастар құрамасын қойып жатыр. Олипиададан кейін бірінші нөмердегілер біразы салмақтарын ауыстырды, кейбірі жаттығуларын енді бастап, бабына енді кіріп жатыр.
Бізде жылдан жылға дзюдода нәтиже жақсаруда. Бұрын әлем чемпионаты мен кубоктарға барған кезде мүлде жүлдесіз қайтқан сәттер болған. Біз осы уақыт аралығында көшбасшылар қатарына қосылдық. Еуропа біріншіліктерінде бесінші орынға қанағат тұтатынбыз.
– Азия чемпионатында кімге үміт артасыз, дзюдошыларымыздың алтын алатын әлеуеті бар ма?
– Жеке басым, Азия чемпионатына қатысатын спортшылардың ішінде үздіктер қатарында Максим Мейірлан (90кг), аса ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаевтар жүлде алады деген үмітім бар.
– Әңгімеңізге рахмет!