
Кадрдан ерегестен соң Пылёноктің құлап, есінен танып қалғанын көруге болады
2024 жылдың 2 тамызында Өскемендегі «Торпедо» хоккей клубының жастар құрамасының қақпашысы Иван Пылёнок 19 жасында қайтыс болды. Ол 2022/23 маусымда негізгі команда сапында екі ойынға қатысқан болатын. Бұл туралы Спорт Шредингера арнасы жазды.
Ол кезде клуб өкілдері Пылёноктің Мұз сарайында кенеттен жағдайы нашарлағанын айтып еді. Оған дәрігерлер мен қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Алайда спортшы ауруханада көз жұмды.
Дегенмен жақында Пылёноктің өліміне қатысты жаңа дерек пайда болды. Желіде қайғылы жағдайға дейін оның ресейлік шабуылшы Андрей Лагуновпен жанжалдасқан сәтінің бейнежазбасы тарады. Orda.kz сайтының жазуынша, жанжалға істен шыққан желдеткіш себеп болған. Кадрдан ерегестен соң Пылёноктің құлап, есінен танып қалғанын көруге болады.
24 жастағы Лагунов Қазақстанда 2017 жылдан бері ойнап келеді. Ол алғашында «Торпедо» жастар командасына келген, кейін «Ладья» (ЖХЛ) және Қарағандының «Сарыарқа» клубтарында өнер көрсеткен. Өткен маусымда «Торпедо» құрамында 51 матч өткізіп, 18 гол және 19 нәтижелі паспен көзге түсті. Команда Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанды.
ПЫЛЁНОК ТАРАПЫ НЕ ДЕЙДІ?
Марқұмның отбасының адвокаты Қарлығаш Әлімжан Лагунов Пылёноктен ақша бопсалаған болуы мүмкін деп топшылап отыр. Сондай-ақ ол бұл істі бастапқыда жазатайым жағдай ретінде қарастыруға тырысқанын сынға алды.
«Бейнежазбада соққы мойынның рефлексогенді аймағына бағытталғаны анық көрінеді. Мұндай деңгейдегі спортшы бұл жерге соққының қаншалықты қауіпті екенін жақсы білуі керек. Бірақ тергеу бұл жайтты неге ескермей отыр?.
Куәгерлер бар. Меніңше, бұл жерде бопсалау және өлімге алып келген ауыр дене жарақатын келтірілген.
Қылмыстық іс материалдарына қарамастан, тергеу органдары бұл соққының өлімге әкелгенін көрмей отыр. Егер осындай жағдайды қарапайым адам жасаса, ол әлдеқашан тергеу изоляторында отырар еді. Дегенмен оның «Торпедо» ойыншысы екені оған артықшылық беріп тұрған секілді», - дейді ол.
Иван Пылёноктің анасы:
«Бізге тергеу күдіктіні жауапкершіліктен алып қалуға тырысып жатқандай көрінеді. Өйткені ол ештеңе болмағандай өмір сүріп жатыр – қала аралап, хоккей ойнап жүр.
Біз облыстық прокуратураға барғанымызда, қызметкердің бірі: «Жас кезде сендер де біреулерден ақша талап еткен жоқсыңдар ма?» деді. Мұны қалай түсінеміз? Білмейміз.
Бұл – жауапсыздық, салғырттық. Басқа айтар сөзім жоқ. Жеке пікірім – олар шетелдік легионердің жағына шығып, оны шаң жуытпай отыр.
Иә, клуб жерлеу рәсімін төлеп берді, қазір біздің тапсырысымыз бойынша ескерткіштің ақысын да өтеп жатыр. Бірақ бұл әрекеттер күдіктінің орнына жасалғандай – бұл шығындарды өзі өтеуі керек еді. Олар оны ақтап алғысы келетін сияқты», - дейді ұлынан айырылған ана.
Иванның әкесі:
«Меніңше, ол ашуға булыққан сәтте Иванды жазаламақ болып соққы жасады. Қолымен мойнынан ұстағанда, Иван қарсыласқанын сезіп, сонан соң ұрып жіберді. Бұл – арам пиғылмен жасалған соққы», - деді спортшының әкесі.
ЛАГУНОВ ТАРАПЫ НЕ ДЕЙДІ?
Адвокат Юлия Третьяковская:
«Бопсалау фактісі дәлелденген жоқ. Тергеу аяқталды, енді істі сот қарайды. Тергеу органдары менің қорғауыма алынған адамға ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шектелген шараны қолданды. Бірақ бұл оның қала сыртына шығуына кедергі келтірмейді», - дейді адвокат.
Андрей Лагунов:
«Бұл маған өте ауыр тиді. Иван құлаған сәтте бірден жүгіріп барып, көмектесуге тырыстым. Оған жарақат келтіріп немесе зиян тигізу ойым болған жоқ.
Енді бәрін сот анықтайды деп үміттенемін. Егер менің кінәм болса, оны мойындап, жауапкершілікті көтеруге дайынмын», - дейді хоккейші.
«ТОРПЕДО» КЛУБЫНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
«Қазцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев (клубтың демеушісі) Tengrisport.kz сайтына берген сұхбатында:
«Ата-ананың эмоциясын түсінуге болады — олар перзентінен айырылып отыр. Бірақ бұл мәселеде соңғы сөзді айту соттың құзырында. Компания да, клуб та бұл оқиғаға араласып жатқан жоқ.
Бұл жағдай жастар командасы мен негізгі құрам үшін де ауыр тиді. Иван болашағынан үміт күттірген жігіт болатын. Бірақ бәрі осылай аяқталды.
Сот қашан болатыны әзірге белгісіз», - деп пікір білдірген.