
Олардың қатарында екі дүркін Олимпиада чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы – жапон Таканори Нагасэ бар
Астана қаласында 9-11 мамыр аралығында дзюдодан кезекті Гран Слэм турнирі өтеді. Аталмыш бәсеке елорда төрінде үшінші жыл қатарынан мәрте ұйымдастырылмақ.
Биылғы турнирге 50-ге жуық елден 400-ден аса дзюдошы келеді деп күтілуде. Олардың арасында Олимпиада ойындарының төрт чемпионы бар. Атап айтқанда, бразилиялықтар Рафаэла Силва (63 кг, Рио) мен Беатрис Соуза (+78 кг, Париж), хорват Барбара Матич (70 кг, Париж) және екі дүркін Олимпиада чемпионы жапон Таканори Нагасэ (81 кг, Токио, Париж) Астанаға келеді.
Осы төрт чемпионның арасында екеуі бұған дейін Қазақстанға келген. Рафаэла Силва өткен жылы Астанадағы Гран Слэм турниріне келіп жүлдесіз қайтқан. Ал, Нагасэ 2015 жылы Астанадағы әлем чемпионатында топ жарған.
Елордаға Олимпиада чемпиондарынан бөлек, жүлдегерлері және әлем чемпиондары келеді. Қазақстан құрамасы да жарысқа ең үздік құраммен қатысады деп күтілуде.