Арда Гюлерді "Реалда" нендей болашақ күтіп тұр?

11.03.2024, 23:45

"Реал" сапында талай мықтылар ойнаған, әлі де Мадридке таланттар ағылып келе береді.

©twitter.com/realmadrid

Арда да – сол көп таланттың бірі. Бірақ ол Криштиану, Кросс, Өзіл, Хамес, Бензема, Бэйл, Беллингем сияқты әбден пісіп, әбден ысылып келген ойыншы емес. "Реал" сапында келе салып стартқа ілігетін емес, перспективаға негізделген ойыншы. Түріне қараңыз – әлі бала, уыздай ғана. 

Кеше Арда алғашқы голын салды. Түрік таланты бұл голды ұзақ күтті. Жарақатынан айыққан соң Испания кубогы аясында "Арандина" командасына қарсы 58 минут ойнады. Сол ойында айып добын тепкісі келіп, Дани Себальостан жалынып жүріп допты сұрап алды. Қиылып жүріп сұрап алған добын жақсы тепті, тіпті гол салып кете жаздады. 

Әзірге Арда Гюлердің "Реал" сапында ең ұзақ ойнаған матчы сол ғана. Тіпті, тұсауы да сол матчта кесілді. Сосын Атлетико – 9’, ЛасПальмас – 10’, Жирона – 14’, Райо Вальекано – 4’, Сельта – 2’. Ардаға беріліп жатқан уақыт тым қысқа, бірақ ең бастысы Карло Анчелотти жас түрікті ұмыт қалдырып жатқан жоқ. 

Жиронаға қарсы ойын есіңізде болар. Есеп 4-0 кезінде алаңға Арда Гюлер шықты, сосын 90 минутта төреші "Реал" пайдасына пенальти берді. Сол кезде Тчуамени қайта-қайта өтініш айтып, пенальтиді Арда Гюлер тебуін сұрады. Есеп 4-0, гол салынса да, салынбаса да, ештеңе өзгертпейді. Бірақ Хоселу тыңдамады, есесіне гол да сала алмады (сауап болды).

Тчуамени бәрін дұрыс істеді. Арда голдың дәмін сезіп, "Сантьяго Бернабеу" стадионында елдің шаттығына бөленіп, "Реал" сапындағы алғашқы голын салсын деді. 

Кеше Арда бәрібір салды, ол үшін 2 минут жеткілікті болды. Керегі де сол. Егер алаңдағы әр минутын осылай тиімді пайдаланатын болса, болашақта Арда матчқа тұрақты түрде шығып тұруы мүмкін. 

Енді сұрақ: Арда Гюлердің нақты позициясы қандай? Ол Модрич, Вальверде секілді орталық жартылай қорғаушы емес. Тіпті, Тони Кросс секілді ойынды шегініп жүріп ұйымдастыратын (реджиста) плеймейкер де емес. Арда Гюлер – шабуылда ойнайтын ойыншы. Екінші шабуылшының, оң қапталдағы вингердің, 10-дықтың міндетін атқарады. Табиғатынан солай. Ал "Реал" сапында бұл позицияларда бәсеке өте жоғары. Келесі маусымда Мбаппе мен Эндрик секілді сойқандар қосылса, "Реал" шабуылында бәсеке одан сайын күшейгелі тұр. 

Арда Гюлер шынымен талант, бірақ өз қатарының арасында ғана. "Реал" сапында ойнау үшін бір ғана талант аздық етеді. Ол Мадрид шабуылында ойқастаған Месут Өзіл, Анхель ДиМария, Хамес Родригес, қазір "Арсенал" лидеріне айналған Мартин Эдегор сияқты ойыншылардан асқан талант деп айта алмаймын. Әрине, мен позициясы ұқсас ойыншыларды есепке алып отырмын. 

"Реал" сапында таза 10-дықтың міндетін атқарған соңғы ойыншы – Хамес Родригес. Өйткені Мадрид командасының ойын мәнері басқа. Таза 10-дық көп жағдайда "қара жұмыстан" босатылады, прессингке атсалыспайды. Соның айқын мысалы – Месут Өзіл және Хамес Родригес. Екеуі де қорғаныс пен прессингке келгенде осал ойыншы болды. Бірақ қиялы ұшқыр, жоқтан бар жасайтын ойыншылар. 

Арда Гюлерден де көрініп тұр. Допсыз ешкім емес, тек доппен ғана сиқыр жасай алады. Бұл "Реал" үшін жеткіліксіз. Допсыз да орасан жұмыс атқаруың керек.

Негізі, қазір "Реал" сапында плеймейкер – Тони Кросс (реджиста). Бірақ ол шегініп ойнайды. Ойынды ортадан ұйымдастырады. Сол да жеткілікті. Қазір "Интер" де Хакан Чалханоглу сияқты реджистамен керемет ойын көрсетіп жүр. "Бавария" да бертінге дейін Киммих сияқты қорғаныс шебіндегі плеймейкермен біраз биікті бағындырды. 

Сондықтан, биыл Арда Гюлер үшін адаптация маусымы деп айтуға болады. Ішкі атмосфераны сезініп, командаға бауыр басып, аз-маз абырой жинап, өзін жан-жақты көрсетіп қалатын жыл.

Материалда: