Қазақ қызы шетелдік спортшының кимоносын сұрап киіп, өзін жарыста жеңіп қойды

Редактор
19.03.2024, 02:43

Бұл оқиғадан кейін екі спортшы құрбы болып араласады

instagram.com/g_nakipova/

Испанияның Бар­селона қаласында тұратын джиу-джи­тсудан екі дүркін әлем чемпионы Гүлжан Нақыпова шетелдік спортшының көмегімен жарыста қалай топ жарғанын әңгімелеп берді.

Бұл туралы спортшы қыз өзінің Facebook-парақшасында жазған.

«Бірде АҚШ-тағы жарыстың алдында салмақ өлшеу рәсімінен өттім. Сол кезде комиссия төрағасы келіп, менің кимономның талапқа сай келмейтінін айтып, жарысқа жіберілмейтінін айтты. Оған дейін дәл осы кимономмен чемпионаттарға қатысып жүргенмін. Бірақ, бұл жолы өткізгісі келмеді. Комиссия төрағасы басқасына ауыстыруға бес минут ғана уақыт беретінін айтты. Қосымша кимоно жоқ, жаңасын сол жерде сатпайды екен. Қонақ үйге баруға жарты сағат уақыт кетеді. Не істерімді білмей жатқанда, артымда тұрған қарсыласым көлігінде артық кимоно бар екенін айтты», - дейді Гүлжан Нақыпова.

Осыдан соң оның күйеуі көліктен кимононы алып келген. Гүлжан киімін тез ауыстырып, салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өткен.

Ең қызығы, жарыста қазақ қызы дәл сол кимоносын берген америкалық спортшымен кездесіп, оны жеңіп кетіпті. 

«Сол күні екеуіміз татамиде жолықтық. Мен оны жеңдім. Жалпы, өз салмағымда және абсолюттік категорияда чемпион атандым. Оның бәрі сол АҚШ қызының арқасында. Мен оны өзіне де айттым. Ол: «Барлығы өз еңбегің. Сен чемпион болуға лайықтысың, менің орнымда басқа біреу болса да солай істер еді» деді. Оның орнында басқа біреу болса не істейтін еді? Оны білмедім. Бірақ сол жағдай әлі күнге есімде. Екеуіміздің бұдан кейін байланысымыз үзілген жоқ», - дейді спортшы.

Айта кетейік, Гүлжан Нақыпова Қызылорда қаласының тумасы. Ол төрт тілді еркін меңгерген, екі баланың анасы. Джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы. Қазір Испанияның Барселона қаласында тұрады.