Бразилияда тұратын қазақ балуаны USA Open турнирінде топ жарды

26.04.2024, 16:24

Ол биыл 40 жасқа толады

Караван

Он жылдан астам уақыттан бері Бразилияда тұратын Марат Гарипов грек-рим күресінен АҚШ турнирінде 60 келіде сынға түсіп, төрт белдесудің барлығында жеңіске жетті.

1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында балуан қаңтар айынан бері АҚШ құрамасымен жаттығып, кейін Филаделфияда дайындалғанын жеткізді.

«Қаңтар айында Америка құрамасының балуандарымен бірге Колорадода оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Сол уақытта АҚШ бапкерлері Құрама штаттардың ашық турниріне қатысуға ұсыныс білдірді. Содан бері Филадельфияда жаттықтым. Мұндай Олимпиада ойындарына екі рет қатысқан Бауыржан Оразғалиев, жамбылдық бапкерлер Айбек пен Нұрбек Әлменовтер бар. Солармен дайындықты пысықтадық», - деді Марат Гарипов.

USA Open турнирінде ол барлық кездесуді айқын басымдықпен ұтты. 

«Турнир барысында АҚШ-тың үш балуанымен жолым түйісті. Бұл сындарда жеңіске жету аса қиын болмады. Дегенмен, Мысыр балуанымен өткен кездесу менің мүмкіндігімді көрсетті. Себебі, Египет өкілі Олимпиада ойындарының қатысушысы, әлем чемпионы. Соған қарамастан бұл сында маған жеңіс бұйырды. Алдағы айда Албанияда жарыс өтеді. Сол жарыста белдесуді көздеп отырмын. Одан кейін Венгрияда болатын рейтингтік Гран При турниріне қатысамын», - деді Марат Гарипов.

2011 жылы Бразилия азаматтығын алған қазақ балуаны қыркүйек айында 40 жасқа толады. Сол уақыттан бері Бразилия чемпионаттарында топ жарумен қатар, Панамерика біріншіліктерінде жүлдегер атанған.