«Мағжанға қиянат жасап жатыр»: Шамшадиннің жеке бапкері дзюдо федерациясындағы «былықты» жайып салды

Редактор
15.05.2024, 11:52

Федерация басшылары рейтингте төмен тұрған Елдос Сметовке бүйрегі бұрады дейді ол

фото автордан

Осыдан бірер күн бұрын дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын құрам жарияланып, 60 келі салмақта Нұрқанат Серікбаев пен Елдос Сметовтің ел намысын қорғайтыны анықталған. Құраманың бас бапкері мұндай шешімді Серікбаевтың рейтингіде жоғары тұруымен, ал Сметовтің Астанада өткен Grand Slam-де жүлдегер атануымен түсіндірді. Себебі, елорда төріндегі жарыста кім үздіктер қатарынан көрінсе, сол БАӘ-ге барады деп айтылған дейді. Ал Мағжан бұл сында алғашқы айналымда жеңілген болатын. 

Дегенмен, Шамшадиннің жеке бапкері мұндай әңгіме болмағанын, о баста әлемдік рейтингтегі орынға қарайтыны ғана айтылған деп отыр. Өйткені Мағжан дәл сол жарыстан бір апта бұрын Душанбеде финалға дейін жеткен.

«Астанадағы турнир нәтижесіне қараймыз деген әңгіме болған жоқ. Әйтпесе неге спортшыларға, бапкерлерге айтпады? Айбек Имашев сұхбатта солай айта салған секілді. Әлем чемпионатынына кімнің баратыны рейтингтегі орнына қарап белгілі болады деген. Бар әңгіме осы. 

Мысалы, Азия чемпионатына Мағжан дайын ба, дайын емес пе деп қараған жоқ. Маған «Азия чемпионатына Мағжанды қойып жатырмыз, себебі рейтингіде жоғары тұр» деді. «Мен Гонконгке бармаймыз, жарысты Душанбеден бастаймыз» дедім. Соған келісіп, олар Елдосты алып баратын болды. Ал енді басқаша сөйледі. «Бабы келіспепті, дайын емес екен» деп жатыр. Тура осы медальді, Елдостың ұтып, Мағжанның ұтылғанын күткен сияқты. Рейтингті ұмытып кетті. Өте ұят нәрсе», - деп ренжіді Қален Қалиұлы.

Бапкер спортшыларға теңдей мүмкіндік берілгенін де жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, дзюдошылар қатысқан жарыс саны әртүрлі.

«Екеуіне бірдей мүмкіндік берілді дейді. Мұны тең мүмкіндік деп айта алмайсың. Елдос алдыңғы жылы сегіз жарысқа қатысса, биыл төртінші турнирі. Нұрқанат Серікбаев қаңтардан бастап алты жарыста бақ сынады. Ал Мағжан екі-ақ жарысқа қатысты. Олар жарыстарға қатысты, рейтингте ұпай жинайтын болса, сол кезде-ақ жинайтын еді. Мағжан соның өзінде рейтингіде 18-орында тұр, ал талай жарысқа қатысқан Нұрқанат Серікбаев 15-орында келеді. Елдос рейтингте жоқ еді, Астанадағы аламаннан соң ғана 26-орынға шықты. Сондықтан бірдей мүмкіндік берілді деген әңгіменің өзі қисынға келмейді», - деді Қален Қалиұлы.

Ол Мағжанның жарақатын алға тартқандардың сөзімен де келіспейді.

«Жарақат деген жай сөз. Жарақат алса да, жүлдеге қол жеткізді ғой. Мұның бәрі сылтау, әңгіменің тоқетері – Мағжанды аяқтан шалу. 2023 жылы Катардың Доха қаласында әлем чемпионаты өтті. Сол кезде Мағжан Грузияда үшінші орын алса, Нұрқанат Серікбаев Антальяда күміс медаль алды. Әлем чемпионатының алдындағы рейтингте Мағжан Серікбаевтан да, Сметовтен де әлдеқайда жоғары тұрды. Мен «неге Мағжанды қоймайсыңдар?» деп сұрағанда, олар: «Серікбаев күміс жүлде алса, Шамшадин үшінші орын алды, сол үшін де Серікбаевты апарамыз, Сметов 2022 жылы қола алғаны үшін биыл да барады» деді. Ол жерде де күміс Мағжанның қоласынан маңыздырақ болып, Қатарға апармады. Ал бұл жолы Мағжанның күмісі бар да, Елдоста қола бар. Серікбаевты алдын ала көшбасшы қылып қойды. Яғни Нұрқанат Серікбаевты бапкерлер ұсынса, Елдостың абыройын ескеріп федерация президенті алға шығарып отыр. Екі ортада Мағжан тағы қалып қойды. 

Асхат Жіткеевтің сұхбатын қараңызшы, ол рейтингке қараймыз деп өзі айтқан. Бас бапкер Нұрбол Сүлейменов те рейтинг бойынша шешім шығарамыз деген. Енді рейтинг далада қалды. Бұл сол Қатардан басталған дүние» - дейді жеке бапкері.

Қален Қалиұлы бәрін рейтинг шешетіндіктен, дзюдо негізінен әділетті спорт саналатынын айтады. Алайда, біздің елде бұл жүйе кейбір дзюдошыларға келгенде жұмыс істемейтін көрінеді.

«Бас бапкер сұхбатында Нұрқанат әлем чемпионатына қатысатын болғандықтан, оны Астанадағы турнирден босаттық, себебі ол рейтингте жоғары тұр деген. Енді рейтингке қарайды екен, неге екінші адамды апармайды? Серікбаевты қоятын кезде бұлар рейтингке қарап, Мағжанды қоятын кезде рейтингіні ұмытып кетеді. Яғни, екі тараптың да өз мақсаттары бар: бапкерлердің мақсаты – Нұрқанатқа көмектесу, федерацияның мақсаты – Елдосқа көмектесу. 

Жарысқа қатысып, ұпай жинағаны, тиісінше оның өзгелерден мықты болғаны үшін жоғары тұрады. Ешкім саған жайдан-жай ұпай бере салмайды ғой. 

Грек-рим, еркін күресте неге айқай-шу болып жатады? Себебі біреудің еншілеп келген лицензиясы екінші біреуге кетіп қалуы мүмкін. Дзюдо не үшін әділетті саналады? Себебі рейтингіде кім жоғары тұрса, жарысқа сол барады. Спортшылар арасында да, бапкерлер арасында да араздық болмайды. Оның бәрі алдын ала айтылады. Сонда спортшы да, бапкері де қалай да көбірек ұпай жинауға тырысады. 

Ал қазір болып жатқан дүние мүлде дұрыс емес! Рио Олимпиадасының алдында 66 келіде үш спортшы болды: Мұқанов, Жұмаханов, Смағұлов. Үшеуі де рейтингіде тұр. Сонда Иманбек Ермеков келіп «қайсысың озсаң, сол Риоға барады» деді. Соңғы сәтте Жансай Смағұлов екеуінен озды, сөйтіп Олимпиадаға барды. Міне, осы әділетті. 

Ал мына жерде ешқандай әділет жоқ. Мағжанды әдейі апармаған шығар, себебі ол жақсы күресіп, әлем біріншілігінде жүлдегер атанса, Серікбаевтан да озып кетуі мүмкін. Рейтингіде екеуінің арасында айырмашылық аз. Мағжан 18-орында тұрғанымен, жапон Такато күресті қойды, тиісінше Мағжан 17-орында деген сөз. 16-орында өзбек дзюдошысы, ал 15-орында Серікбаев тұр. Міне, әңгіменің төркіні қайда жатыр!

Жұрттың бәрі Астандағы Grand Slam-ді ойлайды, бірақ мәселе онда емес, ол әлдеқайда тереңде жатыр. Бәрінің өз мақсаты бар, ал содан зардап шегіп жатқан тек Мағжан», - деп налиды бапкер.

Сұхбаттасқан Мадина Асылбек