Ризабек екеумізді араңдатушылар көп. Олимпиада жүлдесін алатыныма күмән жоқ – Әлішер Ерғали

Редактор
21.06.2024, 11:11

Даңқты балуан Париж жолдамасының тағдыры соңғы сәтке дейін белгісіз болып келгенін айтты

olympic.kz

Еркін күрестен Париж Олимпиадасына қатысатын еркін күрес балуаны Әлішер Ерғали өзінің дайындығы, мүмкіндігі туралы журналист Аслан Қаженовке сұхбат беріп, жанкүйерлер көкейінде жүрген көптеген сұраққа жауап берді. 

Сұхбат барысында балуан құрамадағы басты қарсыласы, әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанмен қарым-қатынасы туралы да ойын жасырмады. Сондай-ақ, ол өзінің Париж Олимпиадасында басты қарсыластарына ерекше тоқталды.

«Жақын аяқталған Будапештегі турнирге бір салмақта Ризабек екеуіміз бардық. Жарыс мен үшін сәтті өтті. Финалға дейін үш белдесу өткіздім. Алайда финалдағы қарсыласым жарақатына байланысты кілемге шықпай қалды. Бірінші кездесуде белдескен түрік балуаны өте тегеурінді, Еуропа чемпионы атанған спортшы. Ол да биыл Парижде белдеседі. Одан кейінгі грузин балуанымен күрес жеңіл болды дей алмаймын. Жартылай финалдағы Иран балуаны – жастар арасында әлем чемпионы атанған жас спортшы. Онымен күресте ұтылып жатып соңғы сәтте жеңісті жұлып алдым. Әзірбайжан балуанымен былтыр Будапешт турнирінде кездесіп, 6:3 есебімен ұтылған едім. Бұл жолы есе қайтарам деп ойлағыныммен, ол финалға шықпайтынын айтты. Ол қазір әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Жарыстан кейін рейтингте 8-ші орынға көтерілдім. Оның алдында 11-ші орында тұрған едім. 

Жалпы, рейтингтегі орның жеребеде маңызды рөл атқарады. Менің салмағымда Парижде 16 балуан белдеседі. Олардың көбімен осыған дейінгі жарыстарда күресіп үлгердім. Бұл салмақта әлем үздіктері арасында тек Кайл Снайдер мен Ахмед Тажудиновпен қана күреспедім. Бақылап, аяқ алыстарын қарап жүрмін. Садулаев Парижге өте қарқынды дайындалып жатыр. Алайда, оның бару-бармауы әзірге белгісіз. Снайдермен күрескім келеді. Өте мықты балуан. Онымен кілемде кездесу мен үшін өте қызық. Ахмед Тажудиновпен Дағыстантағы оқу-жаттығу жиындарында спаррингте күрестік. Мен үшін өте ыңғайлы балуан», - деді Әлішер Ерғали.

Сұхбат барысында спортшы Қытайда тұратын қазақ балуаны Әбусайман Хабила туралы да айтты. Париж Олимпиадасынан кейін Әлішер қандасымызға аспанасты елінің маңызды жарысына қатысу үшін дайындыққа көмектесетінін атады.

«Қытай атынан күресетін қандасымыз Әбусайман менімен бірге Париж Олимпиадасына қатысады. Ол жігітті 2018 жылдан бері танимын. Алғаш рет біз Делиде өткен Азия чемпионатында күрескен болатынбыз. Екеуіміз қола жүлде үшін күресіп, мен басым түстім. Өмірде хабарласып, араласып тұрамыз. Жарыстарда да жиі жолығамыз. Таразда өткен Д.Қонаев турниріне қатысуға келгенінде бапкерімен бірге арнайы сөйлестік. «2025 жылы Қытайда өтетін спартакиаданың дайынғына келіп көмектессең» деп өтініш айтты. Біз бірден ол ұсынысқа  келісім бердік. «Бауырымызға барып көмектесейік» деп бапкерім де мүдделі болды. Ол жігіттің бапкері де қазақ. Жақсы жігіттер», - деді балуан Қытайдағы қандасымыз туралы.

Будапеште өткен турнирге дейін еркін күрестен 97 келіде Париж Олимпиадасына кімнің баратыны белгісіз болған екен. Әлішер Ерғали оны сезінгенін, сондықтан Венгрия жеріндегі сында аянып қалмағанын атап өтті.

«Будапештегі турнирге бір салмақта Әлішер екеуіміз бара жатқанда әлі де Парижге кім баратыны белгісіз екенін сездім. Басқа салмақта бір ғана балуаннан болды. Екеуіміз қатар бара жатқаннан кейін бәріне дайын болуым керектігін түсіндім. Соңына дейін күресіп, өзімді көрсету керек екенін ұқтым. Тек жолдаманы ғана емес, рейтингтік турнирде де өзімді дәлелдеп, Олимпиадаға баратыныма сенімді болуым қажет еді. 

Ризабек екеуіміздің қарым-қатынасымыз аға-іні деңгейінде. Араласамыз. Түрлі арандатуларға екеуіміз де ерген жоқпыз. Жақсы жігіт, тек кілемге ғана екеуара «тістесеміз». Алда бәсекелестік арта түседі. Жастар да қарқынды өсіп келеді. Бәріне дайын болуым керек», - деді балуан.

Әлішер Ерғали Токио Олимпиадасына қатысқан. Алайда ол ширек финалда түрік балуанына бір ұпай айырмасымен ұтылып, жарыстан шығып қалып еді. Сол жолы жанкүйерлер отандасымыздың ұтылмағанын айтып, төрешілердің әділетсіздік жасағанын айтқан болатын.

«Токиода жанып кеттім деп ойламаймын. Олимпиадаға өте жақсы дайындықпен бардым. Өзімді көрсетемін деген оймен белдестім. Бірақ төрешінің қателігінен ұтылдым. Биыл Парижде жақсы күресемін деген сенімдемін. Психологиялық тұрғыда да дайынмын. Физикалық тұрғыда да күш қосқанымды сеземін. Тактикалық тұрғыда да барлық қарсыласыма төтеп берем. Жақсы күресумен қатар, жүлде алатыныма күмән келтірмеймін», - деді Әлішер Ерғали.

Спортшының сөзінше, оған ерекше күш қуатты, қолдауды тек отбасы көрсетеді. Жарыстан тыс уақытта отбасымен бірге болатын балуан әкесінің күрестің ерекше жанкүйері екенін алға тартты.

«Маған үнемі мотивацияны отбасым береді. Күн сайын сөйлесіп тұрамын. Әке-шешем, ағаларым, келіншегім, кішкентай қызым бар. Қай кезде де солар мені қолдайды. Әңгімеміз де тек күрес туралы тақырыпта жалғасады. Менен де қатты алаңдап, қобалжиды. Әкем теледидар алдында күн сайын белдесулерімді 30-40 рет көретін шығар. Таңда да, кеште көретіні сол. Әкем күресті менен қатты жақсы көреді. Стресті менен гөрі сол кісі алатын секілді. Анам көруге шыдай алмайды. Бұйырса, әкем Париж Олимпиадасын көруге барады», - деді спортшы.

Әлішер өз сөзінде сүйікті ісі туралы да айтып өтті. Ол басқа спортшылар секілді көкпарға жақын еместігін, тіпті ойнамағанын да жеткізді.

«Бос уақытымызда отбасымызбен қыдырамыз. Домбыра тарта алмаймын. Көкпар ойнаған емеспін. Көлік жүргізгенді, ән тындағанды жақсы көремін», - деді ол.

Әлішер Ерғали Париж Олимпадасының жолдамасын сәуір айының соңында Бішкекте өткен Азия аймақтық лицензиялық турнирінде иеленді. Ол шешуші белдесуде Қытайдағы қандас балуан Әбусайман Хабиланы ұтты.