Ол Париж олимпиадасына қатыспайды
Бокстан Қазақстан құрамасының ардагер боксшысы, әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов 48 келі салмақтан олимпиадалық салмаққа ауыспайтынын мәлімдеді. «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында боксшы 2025 жылы Жапонияда өтетін дүниежүзілік біріншілікке қатысып, екі дүркін әлем чемпионы атануды көздейтінін атады.
«2009 жылдан бері ұлттық құраманың белді боксшыларының бірі саналып келемін. Жазғы Олимпиада ойындарында өзімнің әлеуетімді сынап та көргім келеді. Бірақ бұйыртпаса бекер ғой. Кім біледі, 2028 жылы өтетін жазғы Олимпиада ойындарында боксшылардың салмағы 48 келіден басталуы мүмкін. Дәм тартса, жолымыз түсер, үміт үзбеймін. Әскерилер арасында әлем чемпионы атандым, 2021 жылы әуесқойлар дуында да әлем чемпионатының алтын медалі бұйырды. Ендігі мақсатым – алда болатын әлем біріншілігіне, басқа да құрлықтық, халықаралық турнирлерге қатысу үшін әзірлікті күшейту. 51 келіге ауысатын жоспар жоқ. Қазақ боксының тарихында екі дүркін әлем чемпионы атанған әзірге Серік Сәпиев қана. Сол межеге жету жолында барымды саламын. 2025 жылы Жапонияның Осака қаласында құрылатын рингте әлем чемпионатының алтын медалін олжалау – басты мақсатым», - деді көкшетаулық спортшы сұхбатында.
Ол әзірге өз салмағынан ауыспайтынын, 48 келіде өзінің үздік екенін алдағы сындарда дәлелдеуге барын салатынын жеткізген.
«Менің де арманым жазғы Олимпиада ойындарынан олжалы оралу. Бірақ бұған дейін 51 келіге өтіп көрдім, өзімнің салмағым емес екен. Бойымның тапалдығы, қолымның қысқалығы бірден байқалды, күшім де жетпейтінін аңғардым. Санжар – жалындап тұрған, жастар арасынан ересектер қатарына енді өткен боксшы. Дене тұрқы да маған қарағанда сидам, қолы ұзын. Физикалық әлеуетін күшейтсе, 51 келіге қалыптасып алады деп ойлаймын», - дейді Теміртас Жүсіпов.
Ол ұлтты құрамада ұзақ жылдар бойы №2 боксшы болды. Ол 2021 жылы Сербия астанасында өткен әлем біріншілігіне қатысып, жеңімпаз атанған болатын. Дүбірлі додада топ жарған спортшыға бұл жетістігінен кейін Ақмола облысының әкімі Көкшетаудан көпқабатты үйден пәтер сыйлады.