«Ағамның айтқаны есімнен кетпейді». Сидней олимпиадасының жүлдегері естелігімен бөлісті

17.01.2024, 08:49

Айдын Смағұлов ұлттық құрама сапына ілінбеген соң Қырғызстан азаматтығын алып, қырғыздарға дзюдодан алғашқы Олимпиада медалін әперген

olympic.kz

2000 жылы қырғыз атынан Сидней олимпиадасында күресіп, қола жүлдегер атанған қазақ дзюдошысы Айдын Смағұлов сол оқиғадан төрт жыл бұрын болған қызықты естелігімен бөлісті. Ол 1996 жылы Атланта олимпиадасын ауылда үй алдында нар үстінде ағасымен бірге көріпті.

«Атланта олимпиадасы кезінде дзюдодан өткен белдесулерді теледидардан тамашаладым. Ауылда нардың үстінде ағам екеуіміз 60 кг-да моңғол балуанының қола жүлде үшін күресіп, жеңіске жеткен сәтіне куә болдық. Сондағы моңғол балуанының қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес, жүзі бал-бұл жанып қатты секірді. Бұл көрініс көз алдымда ұмытылмастай болып жатталып қалды.

Сол сәтте «шіркін мен де осылай Олимпиадада күрессем ғой» деп арманымды айтып үлгердім», - дейді белгілі спортшы.

Ағасы оған жақсы дайындық болса Олимпиадада топ жаруға болатынын айтып қанаттандырған.

«Үлкен жарыста күрескім келетінін естіген ағам «Өййй, дайындалсаң сен де жүлде аласың. Тіпті, олимпиадада бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуің мүмкін» деп қойды. Бұйрық дегенді қараңыз, тура төрт жылдан соң мен де Олимпиадада қола жүлде үшін күресіп, жеңіске жеттім... Сондағы ағамның айтқаны әлі күнге есімнен кетпейді. Расымен жақсылап дайындалған спортшы олимпиададан жүлде алады», - дейді спортшы.

Айдын Смағұлов 1976 жылы ШҚО-да дүниеге келген. Дзюдо және самбо күрестерінен спорт шебері. Ол дзюдодан Орталық Азия ойындарының жеңімазы, Қырғызстан атынан күрескенде Азия чемпионатының күміс жүлдегері болды және Сидней олимпиадасында қола медальға қол жеткізді.