38 жасыңда доп тебуге болады, бірақ «Реал» сапында ойнау…

24.01.2024, 18:22

Ол – бәрін де үнсіз істеп үйренген, нарциссизмнен ада, барынша қарапайым, еңбекқор жан

Getty Images

Модрич өн бойына бірнеше ойыншының қабілетін сіңірген кәміл футболист. Макелеле сияқты допты кімнен болсын оңай тартып алады, Пирло секілді бір паспен-ақ ойын тағдырын шешіп кетеді, Лэмпард секілді интеллектуал, Джеррард секілді ойынның темпін керемет сезеді, Иньеста секілді сиқырлы, Мальдини секілді төзімді, Роналдинью секілді жайсаң, Баллак секілді пенальтиді кәміл орындайды, Недвед секілді «үнсіз лидер».

Жүзіне, білегіне қараңызшы, сондай нәзік, бір уыс қана. Ұрыссаң жылап қалатындай, білегінен қаттырақ ұстасаң көгеріп қалатындай.

Ал, санына, балтырына қараңызшы, көкпарға шабатын жылқыныкындей жуан, қуатты. Түр-тұлғасы да, ойыны да, өзі де ерекше жігіт.

Нағыз жігіт болу үшін сұңғақ бойлы, шықшыт жақты, жарасымды сақалды, аузыңда дәмді сөз болу міндет емес. Модрич секілді қарға бойлы қаһарман болсаңыз жеткілікті. Ол – бәрін де үнсіз істеп үйренген, нарциссизмнен ада, барынша қарапайым, еңбекқор жан ғана!