Мбаппе «Реалға» ауысса, Вини клубтан кетуге мәжбүр ме?

25.01.2024, 15:38

Винисиус – «Реал» философиясын бойына сіңірген, Мадридке талдай болып келіп, таудай футболшыға айналған өз баласы

sports.ru

Килиан Мбаппе биыл Парижді тастап, Мадридке көшеді деген ақпарат әлемді кезіп жүр. Таңсық ақпарат емес. Мұндай ойыншылар «Реалда» ойнаған, сондықтан галактикос процесі жалғаса береді.

Бірақ клубқа Мбаппе келсе, Винисиус кетуі мүмкін деген әңгіме айтыла бастады. Мұндай қауіп қайдан шықты?

Вини жақында ғана Эль класикода хет-трик жасап, тарихи тізімге енді. Кришке бұйырмаған бақ – Карим Бенземадан кейінгі алғашқы хет-трик.

Жалпы, маған «Реал» менеджменті ұнайды. Пәлен ақша жұмсаған трансферінің арасында Эден Азар ғана үмітті ақтаған жоқ. Қалғаны ойнап кетті. Тіпті, Хамес Родригес екі маусым жарқырап ойнады. Кака да сондай осал ойыншы болған жоқ.

Мбаппе «Реалға» ауысса, міндетті түрде негізгі құрамның ойыншысы болады. Универсал шабуылшы, қос қапталда да, өткір шабуыл өтінде де өнімді. Сүйікті позициясы – сол қапталмен шабуылдау. Сол қаптал оң жамбасына келеді.

Винисиус та сол қапталмен шабуылдағанды жақсы көреді. Вини – вингер, Мбаппе – форвард. Бірақ номиналды «тоғыздық» емес. Соңғы уақытта ПСЖ бас бапкері Мбаппені «тоғыздық» ретінде жиі пайдаланып жүр. Бірақ үнемі емес. Коло-Муани, Гонсалу Рамуш, Усман Дембеле төртеуі жиі позиция алмастырып, үнемі эксперимент істеп жүр. Дәл осы экспериментті «Реалда» да пайдаланып, Вини мен Килианды бір командада ойнатуға болады.

Қазір «Реалда» аузымен құс тістеген дүлдүл форвард жоқ. Хоселу деген – кеше отырыста ішіп қойған еңбек мұғалімін алмастыруға келген уақытша адам. Сондықтан – командаға өндіріп гол салатын бір форвард қажет. «Реал» командасының бір бомбардирге қыжалат екенін Беллингемнің сұрмергендер көшін бастағанынан байқауға болады. Әрине, Беллингем ғажап футболшы, нағыз талант. Бірақ оның табиғаты форвард емес.

«Реал» сапында Криштиану мен Игуаин де, Криштиану мен Бензема да алаңда тіл табысып, керемет тандем құрған. Сондықтан, Вини мен Мбаппенің интеграциясын да сәтті жүзеге асыруға болады. Вини – жылдамдығына, оң аяғына, дриблингіне сенген вингер. Сондықтан сүйікті сол қапталында ойнай берсін. Мбаппе де жылдамдығына, дриблингіне сенген шабуылшы. Бірақ ол түрлі экспериментті басынан өткеріп, ПСЖ сапында оң қапталда да ойнап орасан тәжірибе жиған.

Сондықтан, Мбаппе келсе, Вини кетеді деп қауіптенудің қажеті шамалы. Екеуі де ойнайды. Шабуыл шебінде лабиринт жасау қолынан келеді. Бір ғана қауіп бар – Винидің гол салу көрсеткіші төмендейді. Беллингем де өндіріп гол салуын азайтады. Өйткені, Мбаппе – көрпені өзіне көп тартатын форвард. Бірақ одан команда әлсіреп қалмайды. Вини мен Беллингемнің де командадағы рөлі ортаймайды.

Винисиус – «Реал» философиясын бойына сіңірген, Мадридке талдай болып келіп, таудай футболшыға айналған өз баласы. Жасы небәрі 23-те, потенциалын толық ашқан жоқ. Ал Флорентино Перес мұндай жақұтты дәл қазір сатпайды