Қазақ спортын тірідей көміп жатырмыз…

Редактор
28.01.2024, 11:07

Қазақстанның теннис федерациясын миллиардер Болат Өтемұратов басқарады

Фото ашық дереккөзден

Тағы бір ресейлік спортшы көк паспортты алатынын мәлімдеп, әлеуметтік желіні шулатып жатыр. Ол – Александр Шевченко. 23 жастағы теннисші алдағы аптадан бастап еліміз атынан өнер көрсетеді. Өз басым бұл жаңалықты өте ауыр қабылдадым. Қазақ спортына жасалған кезекті қастандық деп санаймын және жақын болашақта қазақ спортын толықтай тірідей көметінімізге сенімдімін. 

Бұл жігіттің бізге келгенінен ешқандай плюс көріп тұрғаным жоқ. Онсыз да ұлттық құрамамыз ресейлік және украиналық легионерлерден тұрады. Енді-енді есімізді жинап, еңсемізді тіктеп, қазақ қыз-жігіттеріне жол ашылады деп отырсақ. Жоқ, тағы легионер алып келу керек. Қазақстан теннис федерациясының өзі инста парақшасында «Қош келдің, Александр!» деп, ерекше құрмет көрсетіпті.

Бір қызығы, оның азаматтық ауыстырғанына ресейлік жанкүйерлер де, қазақстандық жанкүйерлер де риза емес. Бұған қоса, біздің спортқа жауапты министрлік шетелден топырлатып атлеттер әкелгенді құптамайды. Мен оны басшыларымен сөйлескен кезде анық аңғардым. Бірақ, отандық теннис федерациясы бәрібір  білгенін істеп жатыр. Олардың қандай қақы бар? Неге көк паспорттың қадірін сонша кетіреді? Неге елімізді кім көрінген кіріп-шыға алатын «дворға» айналдырады? 

Аталмыш федерацияға мемлекеттен жүздеген миллион теңге аударылатынын білемін. Керек болса, нақты цифрларды да атаймын. Ал, енді оның қайтарымы осы ма? Сол ақшаға өзіміздің өрендерді тәрбиелеп, қаракөз теннисшілерді шығару керек еді ғой. Қайда олар? Айналып келгенде, бұл - халықтың қаржысы. Сондықтан, ашық және жариялы түрде есебі берілуін талап етемін. Сосын Александрдың келуін құптаған және оған жағдай жасап берген адамдардың аты-жөнін біле аламыз ба? Түпкі мақсат қандай? Сұрақ өте көп. Жауабын кім береді?! Жауапкершілікті кім алады?!

Материалда: