Жылына 5 миллиард теңге жұмсалатын «Астана» баскетбол клубы қатарынан жетінші рет жеңілді

Редактор
12.04.2024, 14:45
Единая Лига ВТБ

«Астана» баскетбол клубы жеңіс дегеннің не екенін соңғы кездері ұмытқандай. Маусымның аяқталуына бір матч қалғанда елордалық команда тағы ұтылды. Бұл жолы олар сырт алаңда МБА клубымен кездесіп, есе жіберді.

Бұл ойын Мәскеуде өтті. Қазақстан командасы тек үшінші кезеңде ғана бір ұпаймен басым түсті. Қалған кезеңдердің бәрінде есе жіберді. «Астана» сапынан ең көп ұпайды Маркелл Джонсон жинады (30 ұпай).

Бұл – Олег Киселев шәкірттерінің осымен жетінші жеңілісі. Бұған дейін «Астана» «Уралмаш Екатеринбург», «Руна Баскет», «Автодор», «Минск», МБА командаларынан жеңілген. Екатеринбургтың «Уралмашынан» екі ойында да есе жіберді.

Енді соңғы матчты астаналық команда 14 сәуірде «Самарамен» өткізеді.

Айта кетейік, «Астана» БК-ның 2022 жылғы бюджеті 4,8 милилард теңге болған. Ал былтыр қыркүйек айында клуб директоры Самсон Аракелян 2023/24 жылғы маусымда ойыншылардың жалақысын өсіреміз деген еді.