Қазақстан құрамасы алдағы бір аптада екі бірдей жолдастық кездесу өткізеді
7 маусым күні Ереван қаласындағы Вазген Саркисян атындағы Республика стадионында Армения мен Қазақстан құрамалары жолдастық матч өткізеді. Осыған қатысты футбол сарапшыларының болжамын білген едік.
Айбек Намазбаев, Qazsport арнасының редакторы:
- Армения астанасы Ереванда Армения мен Қазақстан арасында жолдастық ойын өтеді. Командадан Магомед Адиев кеткеннен кейін, бас бапкердің міндетін уақытша Руслан Балтиев атқарады. Талғарда оқу-жаттығу жиындары өтті. Ислам Чесноков, Александр Зуев, Бекхан Шайзада секілді ойыншылар қатардан шығып қалды. Сондай-ақ, алғаш рет шақырту алған Добайға да сәттілік серік болмады. Маған әлі де түсінксіз дүние: Габышевті не үшін шақырғаны… Оның орнына жас, жалындап тұрған ойыншыларды неге шақырмасқа?
Ақтөбеде өткен ойында Максим Самародов бұл қорғаушыдан оңай айласын асырып кетті. Оның орынына Әділхан Таңжарықов секілді ойыншыларды тексеріп көру керек. Ол бұған дейін шақырылды, алайда ойнаған жоқ. Бұл кездесуде Армения өз жерінде сенімді жеңіске жетеді. Есеп - 2:1 болады.
Букмекерлік кеңселер Арменияның жеңісіне 2,21 коэффицент беріп тұр.
Бек Төлеуов, спорт журналисі:
- Күзде Ұлттар лигасы басталады. Соның алдында құраманың әлеуетін байқап көретін матч. Біраз лидерлер ойынға көмектесе алмайды. Олардың арасында Бақтиер Зайнудтинов те бар.
Қазақстанды бұл ойынға жаңа бас бапкер Станислав Черчесов бастап шықпайды. Бұрынғы аға бапкер Руслан Балтиев жаттықтырады. Сондықтан осыған дейінгі ойындармен салыстырғанда тактика тұрғысынан аса қатты өзгеріс бола қоймас.
Қазақстанның Арменияны жеңбегеніне де 17 жыл болыпты. Соңғы рет 2007 жылы ұтқанбыз. Бұл жолы Қазақстан сырт алаңда қарсыластан басым түседі деп ойламаймын.
Бірақ тең түсуге қауқарымыз бар. Меніңше, есеп 1:1 болады. Екі құрама да гол соғады. Бұған букмекерлер 1,89 коэффицент беріп отыр.
Қазыбек Тайланов, футбол инсайдері:
- Армения – Қазақстан ойыны жалпы деңгейлес командалардың ойыны деп айтсам болады.
Бұл матчта Руслан Балтиев бас бапкердің міндетін атқарушы ретінде өзін көрсетуге тырысады. Қазақстан құрамасы соңғы 3 ресми ойында жеңіліс тапқанын ескерсек, осы кездесуде біздің жігіттер жеңілістер сериясын үзеді деп сенемін. Руслан Балтиев құрамада айтарлықтай өзгерістер жасамаса керек. Магомед Мұсаұлының тактикасын ұстанып 5 қорғаушы 3 жартылай қорғаушы жүйесімен шығады деп болжаймын. Қақпада сол баяғы Щацкий, қорғансықа Быстров, Вороговский, Әліп, Марочкин, Тапалов, жартылай қорғанысты Тағыберген, Исламхан және Садыбековпен күшейтуі ықтимал. Шабуылға Айымбетовтің және Самородов шығуын күтемін.
Ойын Армения құрамасының басымдылығымен өтетіні анық, алайда бұл матчта Қазақстан құрамасы 2:0 есебімен жеңеді. Қазақстанның жеңісіне букмекерлер 3,2 коэффицент ұсынып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін екі елдің құрамалары жеті рет кездесіп, Армения төрт рет, Қазақстан екі рет жеңіске жеткен болатын. Бір ойын тең аяқталды.
ФИФА рейтингінде Армения құрамасы 93-орында тұр.