Бұған дейінгі жолдастық кездесуде Қазақстан Армениядан 1:2 есебімен жеңіліп қалды
Бүгін, 11 маусымда, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Әзірбайжанмен жолдастық кездесу өткізеді. Венгрияның Сомбатхей қаласында өтетін матчтың есебіне «Зиданчик» лақап атымен танылған қазақстандық блогер Қасымжан Мұқатаев болжам жасап көрді.
«Бұл матчта нәтиже маңызды емес деп ойлаймын. Бастысы – ойыншылар жинақы ойын көрсетуі керек. Біртіндеп Магомед Адиевсіз өмірге үйрене бастауы қажет. Адиевтің құрамадан кетуі кейбір футболшыларға күтпеген жаңалық болғанын білемін. Тиісінше бұл жайт олардың психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл жолы да Армениядағыдай нәтиже маңызды болмайды. Арменияда да мүмкіндік болған, бұл жолы да жігіттеріміз жақсы ойын өрнегін көрсетеді деген ойдамын. Қазіргі құрам жаман емес. Жасарған немесе жаңарған деп айта алмаймыз. Мінез көрсете алатын құрам, қатарда Бахтиер Зайнутдинов қана жоқ. Турнирлік тапсырма жоқ, сондықтан өз күшіңді көрсетуге болады. Оның үстіне Әзірбайжан ең қауіпті қарсылас емес. Деңгейлеспіз ғой. Біздің жігіттер тым құрығанда бір гол соғады деп ойлаймын. Бұл матчта есеп 1:1 болады деп сенемін».
Еске салсақ, мұның алдында Қазақстан Арменияға 2:1 есебімен жол берген еді.