Боксшы бұл шешімді «ұзақ әрі мұқият ойланғаннан кейін» қабылдаған
Украиналық боксшы Александр Усик WBO тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін босатты. Бұл туралы ұйым ресми түрде мәлімдеме жасады. Осылайша, 38 жастағы боксшы ауыр салмақтағы (90,7 келіден жоғары) абсолютті әлем чемпионы мәртебесінен айырылды.
WBO өкілдерінің айтуынша, ұйым Усик командасынан ресми хабарлама алған. Боксшы бұл шешімді «ұзақ әрі мұқият ойланғаннан кейін» қабылдаған. Ұйым украиналық спортшының ұстанымын құрметтейтінін және бұл қадамды қоштасу емес, уақытша үзіліс деп қабылдайтынын алға тартты.
WBO президенті Густаво Оливьери Усиктің еңбегін жоғары бағалады:
«Ол суперчемпион атағына тән барлық құқық пен мәртебенің, құрметтің лайықты үлгісін көрсетті. Оның карьерасы – қазіргі бокстағы ең айтулы әрі тарихи маңызы зор жолдардың бірі», – деді ол.
Осы шешімінен соң Усик абсолютті чемпион атағын жоғалтты. Бұл мәртебе WBO, WBC, WBA және IBF белбеулерінің барлығына қатар ие спортшыларға беріледі. Украиналық боксшы WBC, WBA және IBF белбеулерін сақтап қалды.
Усик WBO-ның ауыр салмақ дәрежесіндегі белбеуін 2021 жылдың қыркүйегінен бері иеленіп келген. Ол сол кезде британ боксшысы Энтони Джошуаны жеңіп, титулға қол жеткізген. Чемпиондық атағын бес рет сәтті қорғады. Шілдеде өткен соңғы айқасында украиналық спортшы Даниэль Дюбуады нокаутпен жеңіп, екінші рет абсолютті чемпион атанды. Бірінші рет бұл мәртебеге ол 2024 жылдың мамырында Тайсон Фьюриді жеңгеннен кейін қол жеткізген, алайда кейін IBF белбеуін босатып, атағын жоғалтқан еді.
Оның алдында Усик бірінші ауыр салмақта (90,7 келіге дейін) абсолютті әлем чемпионы атанған. Кәсіби рингтегі 24 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен. Әуесқойлар арасында Лондон-2012 Олимпиадасының чемпионы.