Өзбекстан Дубайға неліктен жұлдызды құрамын әкелгенін де түсіндірді
Бокстан Өзбекстан құрамасының аға бапкері Рахматжон Рузиохунов Дубайдағы әлем чемпионатына тоқталып, екі құрама боксшыларының мүмкіндіктерін бағалады.
«Ең алдымен Қазақстаннан 50 шақты боксшы келіп, біріккен оқу-жаттығу жиындарына қатысты. Негізі бұл нәрсені ертерек бастау керек еді. Біз құдды Роналду мен Месси секілді қатар жүреміз. Сол үшін де Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының финалда кездескенін қалаймын, жанкүйерлердің қалауы да осы деп ойлаймын. Ал финалда кім мықты болса, сол жеңсін», - деді бапкер.
Маман Өзбекстан Дубайға неліктен жұлдызды құрамын әкелгенін де түсіндірді.
«Өз басым әр мүмкіндікті тиімді пайдалану керек деп ойлаймын. Себебі боксшылардың бәрі бай-бақуатты дей алмайсың. Сондықтан жағдайын жақсартуға мүмкіндік беруіміз қажет. Біз саясатқа араласқымыз келмейді. Спорт - бұл спорт. Боксшы неліктен басын жұдырыққа тосады, талай жыл үздіксіз дайындалады? Себебі ол да табыс тауып, отбасын асырағысы келеді. Сол үшін де біз аралас құрам әкелдік. Тәжірибелі боксшылармен қатар жастар да бар», - деді ол.
Рахматжон Рузиохунов оқу-жаттығу жиындарында Қазақстан сапынан кімдерді ерекшелеп атауға болатынын да тілге тиек етті.
«Бұл жолы өзім іссапарда жүрдім. Сондықтан дайындықты толық көре алмадым. Сөйте тұра видеолардан қарап отырдым. Одан қалды біздің екі жігіт кәсіпқой бокста кездесу өткізді. Бірақ боксшыларыңыздың қай-қайсысы да осал емес деп айта аламын. Жалпы, екі құрама әрі қарай да деңгейін өсіре беруі керек. Олимпиададан соң біз бірінші болып Қазақстанға бардық. Сонан кейін біз де шақырдық. Қазақстан жақында келіп, бірге жаттығу жасадық. Енді осы үрдісті жастар, жасөспірімдер арасында да жалғасуы қажет.Сондай-ақ «Боксшыны шаршы алаң көрсетеді» деген сөз бар. Бұл жолы өте мықты боксшылар көп. Екі елден бөлек Ресей, Грузияның да мықтылары келді. Бірақ кімнің қандай даярлықпен келгенін білмеймін. Бәрін рингте көреміз. Тіпті жеребеге қарап та ештеңе айта алмайсың. Сөйте тұра Ливерпульдегідей Қазақстан мен Өзбекстан алтынды бөліп алсын деп тілейміз», - деді бапкер.
Маман «екі ел арасындағы мұндай бәсекелестік әлемдік бокстағы бәсекелестікке кедергі келтірмей ме?» деген сауалға да жауап берді.
«Өзге құрамалар да жаттығу жасасын, тырыссын. Жақында ғана Геннадий Головкинді президенттеріңіз арнайы қабылдап, марапаттады. Сол кезде ол Қазақстанның бокс елі екенін айтты. Өзбекстан да дәл солай. Екеуі де держава. Мысалы, Англия - бокс елі. Сөйте тұра қазақ пен өзбек боксшылары алтынды өзара бөлісіп алды. Бұл енді өзгелерге мотивация болуы керек», - деп қорытындылады ол.