Бас бапкер әлем біріншілігін қорытындылады.
Дубайда (БАӘ) өткен 2025 жылғы бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, жалпы есепте алты медаль еншіледі. Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған дүбірлі додада отандық боксшылар үш алтын, бір күміс және екі қола жүлдеге қол жеткізді.
Әлем чемпионы атанғандар қатарында Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі) және Абылайхан Жүсіпов (71 келі) бар. Сабыржан Аққалықов (75 келі) финалға дейін жетіп, әлем біріншілігінің күміс жүлдесін жеңіп алды. Ал Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола медаль иегерлері атанды.
Финалдық кездесулерде Қазақстан намысын төрт боксшы қорғады. Сәкен Бибосынов ресейлік Вячеслав Рогозинді тартысты айқаста жеңіп, камбэк жасап, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Екінші раундта ол қарсыласын нокдаунға жіберіп, өзінің тәжірибесі мен шеберлігін дәлелдеді.
Оразбек Асылқұлов тәжікстандық Хусравхон Рахимовпен болған финалда толық басымдық танытып, жекпе-жекті 5:0 есебімен аяқтады.
Абылайхан Жүсіпов ресейлік Сергей Колденковты ұтып, көптен күткен алтын медальға қол жеткізді.
Ал Сабыржан Аққалықов ресейлік Исмаил Муцольговпен финалда кездесіп, жекпе-жек тағдырын төрешілер шешті – қазақстандық боксшы күміспен шектелді.
Айта кетейік, әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы атынан 13 боксшы қатысқан болатын. Олардың жетеуі жүлдеге іліге алмады: Даниял Сәбит (51 келі), Серік Теміржанов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (81 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) және Нұрлан Сапарбай (92+ келі).
Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов шәкірттерінің өнеріне оң баға берді:
Әлем чемпионатында үш алтын, бір күміс және екі қола медаль алдық. Жігіттердің барлығы жанын салып жұдырықтасты. Кейбір жекпе-жектерде жеңісті қолдан бермеген тұстар болды. Соңғы айқаста Сабыржан жеңді деп ойлаймын. Дегенмен бұл жарыстан көп сабақ алдық. Алда Азия ойындары, Азия чемпионаты мен Әлем кубоктары бар. Солардың бәріне тыңғылықты дайындалып, елді тағы да алтын медальдармен қуантамыз деп сенемін, - деді ұлттық құраманың бас бапкері.
Осылайша, Қазақстан боксшылары Дубайдағы әлем біріншілігінде жоғары деңгейдегі нәтижесімен ел мерейін үстем етті.