Жарнама
Жарнама

Халоков – Шумков: IBA даулы жекпе-жекке қатысты шешім шығарды

Редактор
Бүгін, 16:51

IBA Өзбекстан делегациясы тарапынан турнир аяқталғанға дейін ресми апелляция берілмегенін атап өтті.

Boxing Uzbekistan

Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Дубайда ерлер арасындағы әлем чемпионатының 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жегіне қатысты дау бойынша ресми шешімін жариялады. Ұйымның мәлімдеуінше, жекпе-жек нәтижесі өзгеріссіз қалады.

Еске салайық, 2-13 желтоқсан аралығында өткен әлем чемпионатының финалында ресейлік боксшы Всеволод Шумковтың өзбекстандық Абдумалик Халоковтың құлағын тістеп алған сәт әлеуметтік желіде кеңінен тарап, өзбекстандық жанкүйерлер ұйым басшысы Умар Кремлевтен әділ шешім шығаруды, яғни алтынды Халоковқа қайтарып беруді сұраған еді.  

IBA-дің ресми жауабында бұл эпизод жан-жақты қаралғаны, аталған әрекеттің кездейсоқ болғаны және жекпе-жектің барысына айтарлықтай әсер етпегені атап өтілген.

Шумковтың аузы Халоковтың құлағына тиді. Бұл әрекет кездейсоқ болды және айқастың барысына айтарлықтай ықпал еткен жоқ, – делінген IBA хабарламасында.

Ұйым мәліметінше, эпизодқа ең жақын тұрған рефери жағдайды толық бақылап отырған және араласуды қажет деп таппаған. Бейнетаспаны қайталап қарау да төрешінің шешімін растаған.

Халоков жекпе-жекті еш кедергісіз жалғастырды, ешқандай зақым белгілерін көрсеткен жоқ және наразылық білдірмеді, – деп атап өтті IBA.

Қауымдастық ережелерге сәйкес, төрешілердің әрбір эпизодты сол сәтте және толықтай, соның ішінде әрекеттің ауырлығы, ниеті мен жекпе-жекке ықпалын ескере отырып бағалайтынын түсіндірді. Бұл жағдайда төрешілер алқасының шешімі әлем чемпионатының техникалық делегаты тарапынан толық мақұлданған.

Сондай-ақ IBA Өзбекстан делегациясы тарапынан турнир аяқталғанға дейін ресми апелляция берілмегенін атап өтті. Осыған байланысты жекпе-жек нәтижесін немесе медальдарды қайта бөлуге регламенттік негіз жоқ.

Дегенмен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бұл жағдай Бокстағы адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз бөлімге (BIIU) жолданады. Егер тәртіп бұзушылық анықталса, айыппұл салынуы мүмкін.

IBA-дің бас хатшысы әрі бас директоры Крис Робертс OBE бұл мәселеге қатысты былай деп түсініктеме берді.

Жарыстарымыздағы ашықтық – басты басымдық және ол ешқашан күмән тудырмауы тиіс. Біз бұл эпизодты бағалау үшін салалық сарапшыларды тарттық, ал қабылданған байыпты шешім техникалық делегат тарапынан расталды. Нәтижені өзгерту мерзімі өтіп кеткендіктен, техникалық делегат мәселені BIIU-ға жолдап, қажет болған жағдайда, спортшыға айыппұл салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Біз үшін спортшылардың мүддесі қай кезде де жоғары тұрады, – деді ол.

Осылайша, IBA Дубайдағы әлем чемпионатының финалдық жекпе-жегі бойынша ресми нәтижелер күшінде қалатынын тағы бір мәрте нақтылады.

Реклама
Реклама