Жарнама
Жарнама

Усик Джошуа мен Фьюриге қарсы қанша жыл дайындалғанын айтты

01.01.2026, 11:20

Александр Усик қазіргі уақытта суперауыр салмақтағы ең мықты боксшылардың көшін бастап тұр

Getty Images

Кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақта WBC, WBA және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері Александр Усик Дубайда өткен World Sports Summit жиынында қонақ болып, Энтони Джошуа мен Тайсон Фьюримен болатын айқастарға қалай дайындалғанын айтты.

Ол аталған боксшыларды жеңу арқылы әлемнің абсолютті чемпионы атанған болатын. Ал, дайындыққа 10 жылдан астам уақытын жұмсаған.

«Мен Энтони Джошуа мен Тайсон Фьюримен жекпе-жекке 10–11 жыл бұрын дайындала бастадым. Сол кездің өзінде таныстарыма болашақта Джошуа және Фьюримен жұдырықтасатынымды айтатынмын. 

Бір украиналық телеарнада ағайынды Кличколар маған: «тыңда, белбеулерді қой да, демал» деді. Ал мен «мүмкін, мен сенің белбеулеріңді алармын, Кличко бауырым» деп жауап бердім. Олар «жоқ, жоқ, жоқ. Бәлкім, сен басқа біреумен жұдырықтасарсың» деді.

Сонда мен «тыңдаңыздар, үш-төрт жылдан кейін мен Энтони Джошуа мен Тайсон Фьюримен рингке шығамын» дедім. Сол кезде көп адам «жо-жоқ, бұл мүмкін емес» деп күлді. Мен неге мүмкін емес дедім. Олар «сен бұны жасай алмайсың» деді. Ал мен көре жатармыз, мен бұны істеймін дедім. Өйткені мен сенемін. Мен күн сайын дұға етемін. Мен білемін, егер адам тынымсыз еңбек етсе, Құдай оған мүмкіндік береді», - деді Усик.

Украина боксшысы бүгінде кәсіби мансабында 24 айқас өткізіп (15 нокаут), оның барлығында жеңіске жетті. Александр Усик қазіргі уақытта суперауыр салмақтағы ең мықты боксшылардың көшін бастап тұр.

Реклама
Реклама