Екі дүркін әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын жекпе-жекке шақырды

Редактор
14.01.2026, 09:41

Әлімханұлының өзі әзірге В сынамасының нәтижесін күтіп отыр. 

©instagram.com/nolimit_aus

Кубалық боксшы Йоэнлис Эрнандес (9-0, 8 КО) орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

Х әлеуметтік желісінде бокс туралы жазатын bharski есімді блогер Эрнандеспен тілдесіп, қазіргі таңда спортшының оқу-жаттығу жиындарында жүргенін жеткізді. Кубалық боксшы биыл кез келген нұсқа бойынша чемпиондық айқасқа шығуды көздеп отыр.

«Йоэнлис Эрнандес қазір толық дайындық кезеңінде. Ол биыл алғаш рет титул үшін жұдырықтаспақ. Қай қарсыласқа да дайын: Адамес, Лара немесе Жәнібек. Йоэнлистің өзі: «Чемпиондармен жекпе-жекке қай кезде де дайынбыз» деп отыр», – деп жазды bharski.

Айта кетейік, қазіргі таңда орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына тиесілі. «Қазақ стилі» әзірге допинг дауына байланысты соңғы шешімді күтіп отыр. Келесі аптада В сынамасының нәтижесі жариялануы тиіс.

WBC белбеуіне доминикандық Карлос Адамес иелік етсе, WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атақ Эрнандестің отандасы, тәжірибелі Эрисланди Лараға тиесілі.

Йоэнлис Эрнандес кәсіби рингтегі жолын 2022 жылы бастаған. Әуесқой бокста екі дүркін әлем чемпионы атанған.

Реклама
Реклама