WBC Мейірім Нұрсұлтановтың чемпиондық жекпе-жегіне қатысты шешім қабылдады

Редактор
20.01.2026, 20:13

Ол 2023 жылдан бері кездесу өткізген жоқ.

© twitter.com/Main_Events

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы рейтингте бірінші орында тұр және әлем чемпионы атағына міндетті үміткер саналады. Соған қарамастан доминикандық чемпион Карлос Адамеспен өтуі тиіс титулдық жекпе-жек әлі күнге дейін ұйымдастырылған жоқ.

Кәсіпқой рингте жеңілмеген Нұрсұлтанов соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың қараша айында өткізген. Ол кезде қазақстандық боксшы Өзбекстанның Ташкент қаласында чилилік Хулио Аламосты төрешілердің ортақ шешімімен жеңген болатын. Содан бері Мейірім ресми айқас өткізбей, WBC чемпионы Карлос Адамеспен титулдық кездесу өткізу мүмкіндігін күтіп жүр.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы Нұрсұлтановтың ұзақ уақыт бойы рингке шықпай жүруіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Федерация президенті Рахымжан Ерденбеков бұл мәселені WBC басшылығымен тікелей талқылағанын мәлімдеді.

«WBC-дің соңғы конвенциясында Мейірім Нұрсұлтановтың жағдайын жеке көтердім. WBC президенті Маурисио Сулейманмен оның визалық мәселесін талқыладық. Қазір Нұрсұлтановтың басты қиындығы - АҚШ визасын ала алмауы. WBC бұл мәселеде бізге көмектесуге уәде берді», - деді Ерденбеков Kazinform-ға берген сұхбатында.

Сонымен қатар федерация басшысы чемпиондық жекпе-жекке дейін Мейірім Нұрсұлтанов бір дайындық кездесуін өткізуі тиіс екенін атап өтті.

«Карлос Адамеспен өтетін чемпиондық айқасқа дейін Нұрсұлтанов тағы бір жекпе-жек өткізеді. Сол кездесуден кейін ғана титулдық жекпе-жекке нақты дайындық басталады», - деп нақтылады Рахымжан Ерденбеков.

Реклама
Реклама