Берік Сұлтанның айтуынша, қазіргі таңда іске заңгерлер тартылған
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы төңірегінде туындаған допинг дауына қатысты оның менеджері Берік Сұлтан ресми мәлімдеме жасады.
Берік Сұлтанның айтуынша, қазіргі таңда іске барлық профильді мамандар тартылған. Атап айтқанда, промоутер, менеджерлік команда мен заңгерлер жағдайды құқықтық тұрғыда толық бақылауға алып, мүмкін болатын шеттету мерзімін барынша қысқартуға бағытталған жұмыс жүргізіп жатыр.
Жәнібек ақ! Тиым салынған ешқандай зат қолданбайды! Бокстағы допинг дауы бойынша мамандар айналысып жатыр. Промоутер, менеджер мен заңгерлер жұмысын жасауда! Жәнібек те, мен де ештеңе жасай алмаймыз, біздікі тек күту! Барынша аз уақытқа шеттетілу бойынша жұмыс жасалып жатыр! Қайғырып отыра бергеннен ештеңе шешілмейді! Бұдан да өтеміз!, – деді Берік Сұлтан.
Менеджердің сөзінше, В сынамасынан да дәл сол заттың анықталуы жағдайды күрделендірген. Дегенмен бұл – тергеу барысындағы аралық кезең ғана.
В сынамасынан да сол зат шыққан екен. Өкінішті әрине! Бірақ басқаша болу мүмкіндігі төмен еді. Ендігі қадам не болады — соны күтеміз. Біздің мамандар айналысуда! Қайдан ағзаға кіруі мүмкін деген сұрақтар көтерілуде! Өйткені Жәнібек ондай тиым салынған зат қолданбаған! Күтейік ақырын!, – деді Берік Сұлтан.
Айта кетейік, Әлімханұлының допинг-тестінен қолайсыз нәтиженің шығуы оның АҚШ-та 7 желтоқсанға жоспарланған, кубалық боксшы Эрисланди Ларамен үш бірдей чемпиондық белбеу үшін өтуі тиіс біріктіруші жекпе-жегінің кейінге шегерілуіне себеп болды. Тест VADA жүйесі арқылы алынған.