Бокс пен самбо дауы: Данияр Елеусінов мәлімдеме жасады

Редактор
27.01.2026, 16:53

Данияр Елеусінов қызбалыққа салынғанын ашық айтты

әлеуметтік желі

Бокстан Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевке қатысты даулы оқиғадан кейін бокс пен күресті салыстырған пікірі жөнінде түсініктеме берді.

Белгілі спортшының мәлімдемесі әлеуметтік желіде жарияланды.

«Соңғы уақытта қызбалыққа салынып кеткен кездерім болды. Бокс та, күрес те – керемет спорт түрлері. Екі спортта да мықты спортшылар бар, екі жақта да бауырларымыз жеткілікті. Сондықтан бұл – бір спортты екіншісінен жоғары қою үшін айтылған сөз емес, эмоцияға берілген сәт болды. Ең бастысы – ауызбіршілік керек! Аман болыңыздар», – деді Данияр Елеусінов бейнежазба арқылы.

Бұған дейін отандық БАҚ Данияр Елеусіновтің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында бокс пен самбо спортын салыстырған пікір айтқанын жазған еді. Онда ол бокстың олимпиадалық спорт түрі екенін атап өтіп, Қазақстанда Олимпиада чемпиондарының көп екенін алға тартқан. Ал самбоға қатысты әлем чемпионаттары шектеулі елдердің қатысуымен өтетінін айтқан болатын.

«Бокс – Қазақстанға зор абырой мен танымалдылық әкелген олимпиадалық спорт түрі. Бізде жеті Олимпиада чемпионы бар. Самбоны кемсітпеймін, ол да жаман спорт емес. Бірақ онда… бес-алты ел жиналып, әлем чемпионатын өткізе салады, болды. Әрине, өз деңгейінде жақсы. Бокс әрдайым Қазақстанның туын ең жоғары деңгейде көтеріп, еліміздің атын әлемге танытып келеді. Біз бәріміз Жиров бокстасқанда, Головкин шыққанда, Жәнібек жұдырықтасқанда ұйқыдан оянатынбыз. Енді, Алла қаласа, биыл мен бокстасқанда да солай болады. Сондықтан боксты ешқашан төмен бағалауға болмайды. Ал қалғанына келсек… ол жағын білмеймін», – деген еді ол.

Айта кетейік, өткен аптада Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасында жанжал шығып, екеуінің шекісіп қалған сәті түсірілген бейнежазба желіде кеңінен тарап, қоғамда қызу талқыға түсті.

Осы оқиғадан кейін жұртшылық арасында бокс пен күрес (самбо) спортын салыстыруға қатысты пікірталас та өршіді. Сонымен қатар, көпшілік Серік Сәпиевтің полицияға жүгінген қадамын қолдап, оның орынбасарына сын айтқан.

Реклама
Реклама