«Допинг дауына да қарамаймын»: әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын жекпе-жекке шақырды

Редактор
Бүгін, 12:06

Ол бұл айқас жеке сипатқа ие екенін алға тартты. 

Getty Images

WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамес қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Адаместі қазақстандық боксшының допинг дауына іліккені де тоқтата алмайтын тәрізді.

Доминикандықтың айтуынша, Әлімханұлының допинг сынамасының оң нәтиже көрсетуі екеуара кездесу өткізуге кедергі бола алмайды. Карлос бұл айқасты белбеулерді біріктіруге үлкен мүмкіндік ретінде қарастырып отыр. Бірақ ол үшін алдағы сенбі күні Нью-Йорктегі «Мэдисон-сквер-гарден» аренасында америкалық Остин Уильямспен өтетін жекпе-жекте өз атағын қорғауы тиіс.

«Әзірге күте тұру керек. Ол допинг қолданғаны үшін жауапқа тартылуы да мүмкін. Бірақ мен үшін Жәнібекпен текетірестің мәні әлдеқайда терең, жеке сипатқа ие. Бұл оның Ларамен текетіресінен де маңызды. Сондықтан жекпе-жек өткізу туралы ұсынысқа еш ойланбастан «иә» деп жауап қатар едім.

Бұл жерде допингтің де маңызы жоқ. Себебі Жәнібекпен шын мәнінде рингте кездескім келеді. Оның тыйым салынған препаратты қандай себеппен қолданғанын білмеймін, бірақ оның өзі менен басым түсетініне кепіл бола алмайды. Мансабымыз аяқталғанға дейін кез келген уақытта онымен жекпе-жекке шығуға дайынмын. Егер менен біреу: «Жәнібек допингке қатысты мәселеге тап болды. Соған қарамастан жұдырықтасуға дайынсың ба?» деп сұраса, еш кідірместен айқасты жалғастырушы едім», – деді Адамес The Ring басылымына берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, желтоқсанның басында Жәнібек Әлімханұлының қанынан мельдоний анықталғаны туралы хабар тарады. Сол себепті жерлесіміздің 6 желтоқсанда кубалық Эрисланди Ларамен өтуі тиіс жекпе-жегі кейінге қалдырылды.

Реклама
Реклама