Ол өзінің жағдайын саяси мақсатта пайдаланбауға шақырды
Бокстан Париж Олимпиадасының чемпионы, алжирлік Иман Хелиф жарыстарға қатысу үшін гендерлік тест тапсыруға келісетінін мәлімдеді. Алайда ол бұл тексерісті тек Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) өткізген жағдайда ғана келісім беретінін атады.
Бұл туралы спортшы CNN арнасына берген сұхбатында айтты.
Париж Олимпиадасының чемпионы Хелиф бұған дейін World Boxing (WB) ұйымының жынысты растау талаптарына қарсы шығып, істі Спорттық арбитраж сотына (CAS) жолдаған. Осы талапқа байланысты ол қыркүйек айында өткен әлем чемпионатынан тыс қалды.
Хелиф ХОК-тың беделі мен ұстанымын құрметтейтінін айтқанымен саяси дүниеге қарсы екенін жеткізді.
«ХОК әйелдерді қорғауы тиіс, бірақ оларды қорғау барысында басқа әйелдерге зиян келтірмеуі керек», - деді боксшы.
Сонымен қатар ол өзінің жағдайын саяси мақсатта пайдаланбауға шақырды.
Айта кетейік, Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымы ХОК тарапынан ресми танылып, 2023 жылы Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) орнына келді. IBA сол жылы Иман Хелиф пен Тайвань боксшысы Линь Юйтинді әлем чемпионатынан шеттеткен болатын. Гендерлік тексеріс нәтижесінде спортшыларда еркек хромосомалары жиынтығы анықталғаны хабарланған (жыныстық даму бұзылыстары - DSD салдарынан болуы мүмкін).
Дегенмен ХОК қос боксшыны Олимпиада ойындарынан шеттетпей, олар өз салмақ дәрежелерінде алтын медаль иеленді.