«Странджа кубогы»: Шекербекова, Зейнуллиновтер қарсыласын айқын басымдықпен жеңді

Редактор
Бүгін, 09:10

Ертуған бұл турнирде екінші рет қатарынан чемпион атану мүмкіндігіне ие.

Фото: olympic.kz

Болгария астанасы – София қаласы дәстүрлі 77-ші халықаралық «Странджа кубогын» қабылдап жатыр. Еуропадағы ең көне әрі беделді турнирлердің бірі саналатын бұл дода бейресми түрде «кіші әлем чемпионаты» аталады. Биыл Қазақстан құрамасы жарысқа 39 боксшы (19 ер, 20 әйел) апарған.

Екінші жарыс күнінде бірнеше қазақстандық боксшы келесі кезеңге өтті. Әсіресе 54 келіде өнер көрсеткен Жайна Шекербекова қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, тәжірибе мен тактикалық сауаттылықтың үлгісін көрсетті. Ол ринг иесі – болгариялық Хаббас Таланы 5:0 есебімен ұтып, дистанцияны бақылау, қарсы шабуыл және сол қолмен жасайтын соққыларын тиімді пайдаланды.

Шекербекова – 54 келідегі көпжылдық көшбасшы, әлем чемпионаттарының жүлдегері әрі Азия чемпионы.

51 келіде Жазира Орақбаева да сенімді өнер көрсетті. Алжирлік Фатихра Мансуриге қарсы жекпе-жекте ол тайминг пен клинчті шебер пайдаланып, раздельді шешіммен жеңіске жетті. Қарсыластың үшінші раундта шаршауы – Жазираның жүйелі қысымының нәтижесі.

 Айта кетейік, ол – 2025 жылғы Қазақстан чемпионы.

70 келіде Мәдина Нұршаева, 54 келіде Әнел Сақыш пен Элина Базарова, 55 келіде Бағлан Кенжебек те жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.

Кешкі сессияда ерлер құрамасы рингке шықты. 65 келіде Ертуған Зейнуллинов ирландиялық Джейсон Невинді 3:1 есебімен жеңіп, чемпиондық амбициясын байқатты.

 Айта кетерлігі, Ертуған бұл турнирде екінші рет қатарынан чемпион атану мүмкіндігіне ие.

90 келіде Дәулет Төлемісов болгариялық қарсыласын 5:0 есебімен ұтса, Нұрмагамед Юсупов жекпе-жекті мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтады (қарсыласы дисквалификацияланды). Бұл –ауыр салмақтағы қазақстандықтардың сенімді дайындығын көрсетеді.

85 келіде Сұлтанбек Айбарұлы грузин боксшысын 5:0 есебімен жеңсе, Бекзат Таңатар италиялық Паоло Карузоны 3:2 есебімен ұтып, тартысты кездесуде мінез көрсетті.

Алайда 65 келіде Әбдікәрім Әбдіғалым өзбекстандық қарсыласына есе жіберіп, жарысты аяқтады. Сондай-ақ 55 келіде Тимур Қабдешов америкалық Лоренцо Патрициоға жол берді.

Қазақстан құрамасы «Странджа кубогына» алғаш рет 1994 жылы қатысқан. Сол жылы 75 келіде Валерий Кузьменцов күміс жүлде алған еді. 2005 жылы Серік Сәпиев (60 келі) Қазақстаннан шыққан алғашқы чемпион атанды. Әйелдер арасында Валентина Хальзова екі мәрте жеңімпаз атанған.

Реклама
Реклама