Кездесу сәуірде өтеді.
Irfin Promotions промоутерлік компаниясы қазақстандық кәсіпқой боксшы Саматәлі Төлтаевтың (6-0, 3 КО) келесі жекпе-жегіне қатысты ресми мәлімдеме жасады.
4 сәуір күні Бангкокте өтетін бокс кешінде Төлтаев вьетнамдық тәжірибелі былғары қолғап шебері, бұрынғы IBF Asia чемпионы Хонг Куан Динмен (12-2-1, 4 КО) кездеседі. Жекпе-жек екінші жеңіл салмақта (63,5 кг) өтіп, сегіз раундқа жоспарланған.
Саматәлі Төлтаев - әуесқой бокста да тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген спортшы. Ол 2016 жылы жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, 2017 жылы Азия чемпионы болды. Сондай-ақ 2019 жылы ересектер арасындағы Азия чемпионатында қола медаль иеленіп, 2020 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Оның егізі Санатәлі Төлтаев - Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.
Саматәлі кәсіпқой рингте 2024 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.
Ал Хонг Куан Дин 2022 жылдың сәуірінде филиппиндік Делмар Педиоканды төрешілердің ортақ шешімімен жеңіп, IBF Asia белдігін жеңіп алуы арқылы Вьетнам боксының тарихына енді. Сол жылдың желтоқсанында ол Арнел Баконахемен өткен айқаста титулын қорғады. Жекпе-жекте жеңіске жеткенімен, салмақ талаптарын орындамағаны үшін IBF ережесіне сәйкес чемпиондық белдігінен айырылды.