Жарнама
Жарнама

Қамшыбек Қоңқабаев әлем чемпионы атану үшін Лондонға жетті

Редактор
03.04.2026, 22:35

Жақын күндері жанкүйерлермен жақсы жаңалықтармен бөлісемін деп үміттенемін

Әлеуметтік желі

Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев кәсіби мансабындағы жаңа кезеңді бастау үшін Лондон қаласына келді. Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2024 жылғы Париж Олимпиадасы аяқталғаннан кейін қысқа үзіліс жасап, енді кәсіби боксқа толыққанды көшуге бел буған. Қазір ол Лондондағы Leo’s Gym залында жаттығуды бастап кеткен.

«Алдағы уақытта келісімшарттар бойынша келіссөздер жүргіземіз. Жақын күндері жанкүйерлермен жақсы жаңалықтармен бөлісемін деп үміттенемін. Енді көк туымызды желбіретіп, әлем чемпионы атану үшін аянбай еңбек ететін уақыт келді», – деді боксшы.

Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта өнер көрсетеді. Оның басты жетістіктері:

  • 2020 жылғы Токио Олимпиадасы – қола жүлде
  • Әлем чемпионаттары (2017, 2019) – екі мәрте күміс
  • Азия чемпионаттары – төрт мәрте күміс (2017, 2019, 2021, 2022)

Ал 2024 жылғы Париж Олимпиадасы барысында ол алғашқы жекпе-жегінде испаниялық Айюб Гадфа боксшысына 2:3 есебімен жол берді.

Бұған дейін Қоңқабаев Англия мен АҚШ-тағы промоутерлерден ұсыныстар алғанын айтқан еді. Қазіргі таңда ол осы бағытта нақты келіссөздер жүргізіп жатыр.

Реклама
Реклама