Қазақстандық боксшылардың жарыстағы өнері әлі де жалғасуда.
Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында бокстан ерлер арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтті.
Қазақстан құрамасының өкілі, әлем чемпионы Төрехан Сабырхан (-70 кг) ересектер санатындағы алғашқы Азия чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды. Шешуші айқаста ол иорданиялық тәжірибелі боксшы Зеяд Ишаишке жол берді.
Айта кетейік, 20 жастағы қазақстандық былғары қолғап шебері турнир барысында жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ширек финалда тәжікстандық Шамшер Саидовты жеңсе, жартылай финалда қытайлық Ван Пейченді тізе бүктірді.
Ал финалда қарсылас болған Зеяд Ишаиш – жазғы Азия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ол 2024 жылы өз елінде өткен Азия чемпионатының финалында қазақстандық Асланбек Шымбергеновтен жеңілген болатын.
Жалпы, Қазақстан құрамасы бұл чемпионатта табысты өнер көрсетуде. Бұған дейін -60 кг салмақта Оразбек Асылқұлов алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Махмұд Сабырхан (-55 кг), Ертуған Зейнуллинов (-65 кг) және Сағындық Тоғамбай (-90 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстандық боксшылардың жарыстағы өнері әлі де жалғасуда.