Жарнама
Жарнама

Сәкен Бибосынов WBA белбеуін алу үшін барын салатынын айтты

Редактор
Бүгін, 16:52

23 мамыр күні Бішкекте өтетін бокс кешінде Бибосынов рингке шығады

ҰОК

Қазақстандық боксшы, әлемнің екі дүркін чемпионы әрі Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов алдағы титулдық жекпе-жекке дайындығы жайлы пікір білдірді.

23 мамыр күні Бішкекте өтетін бокс кешінде Бибосынов WBA Asia белбеуі үшін шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – индонезиялық Сурия Дхарма (4-0, 3 КО).

Сәкеннің айтуынша, бұл айқас оның кәсіби мансабындағы ең маңызды сынақтардың бірі болмақ. 

«Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Үшінші кәсіби жекпе-жекте бірден чемпиондық белбеуге таласу – оңай нәрсе емес. Оның үстіне, бізді толық 10 раундтық кездесу күтіп тұр. Сондықтан дайындықты да соған сай күшейттік. Қазір жаттығу процесі барынша қарқынды өтіп жатыр. Елге WBA Asia белбеуін алып бергім келеді. Басты мақсатым – жанкүйерлерге сапалы бокс көрсетіп, кәсіби рингтегі алғашқы титулымды жеңіп алу», – деді Бибосынов.

Сондай-ақ ол қарсыласының осал еместігін де атап өтті. Индонезиялық боксшы осы уақытқа дейін өткізген төрт кездесуінің бәрінде жеңіске жеткен.

«Қарсылас шынымен мықты. Бірақ дәл осындай боксшылармен жұдырықтасу керек. Себебі алдағы уақытта қарсыластарымыз одан сайын күшейе береді. Менің түпкі мақсатым — кәсіпқой бокста әлем чемпионы атану. Қазір Сурия Дхарманың барлық қырын мұқият зерттеп жатырмыз. Жекпе-жекке нақты жоспармен шығамын және тек жеңіс үшін айқасамын», – деді қазақстандық былғары қолғап шебері.

Еске салсақ, Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы дебютін 2025 жылдың 20 шілдесінде өткізген болатын. Сол кеште ол филиппиндік Кристиан Леганені мерзімінен бұрын жеңген еді.

Реклама
Реклама