Жарнама
Жарнама

Баходир Жалолов кәсіпқой рингтегі 17-жеңісіне қол жеткізді

Редактор
Бүгін, 10:04

Өзбекстандық боксшы хорватиялық Агрон Смакичиді нокаутқа түсірді

DAZN

Екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалолов кәсіпқой бокстағы жеңісті жолын жалғастырды. Өзбекстандық былғары қолғап шебері Англияның Манчестер қаласында өткен бокс кешінде кезекті қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді.

Аса ауыр салмақта өткен айқаста Баходир Жалолов хорватиялық Агрон Смакичипен жұдырықтасты. Кездесу он раундқа жоспарланғанымен, толық аяқталған жоқ.

Жетінші раундтан кейін Смакичи жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Нәтижесінде төреші жеңісті Жалоловқа берді. Осылайша, 31 жастағы өзбекстандық боксшы кәсіпқой рингтегі 17-жекпе-жегінде 17-жеңісіне қол жеткізді. Оның 15-і мерзімінен бұрын аяқталған.

Баходир Жалолов әуесқой бокста да аса ірі жетістіктерге жеткен. Ол 2020 және 2024 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанған.

Ал 35 жастағы Агрон Смакичи кәсіби мансабындағы төртінші мерзімінен бұрын жеңілісіне ұшырады. Оның еншісінде 21 жеңіс бар, соның 19-ын нокаутпен аяқтаған.

Сондай-ақ Манчестердегі бұл кеште тағы бір өзбекстандық боксшы Жавохир Умматалиев те жеңіске жетті. Екінші орта салмақта өнер көрсеткен ол польшалық Дамиан Драбикті екінші раундта нокаутқа түсірді.

Осылайша, Жавохир Умматалиев кәсіпқой рингтегі екінші жекпе-жегін де жеңіспен аяқтап отыр.

Реклама
Реклама