Спортшы соңғы рет 2024 жылдың мамыр айында шаршы алаңға шыққан
Үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған украиналық боксшы Василий Ломаченко кәсіби мансабын қайта жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы инсайдер Майк Коппинджер мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, тәжірибелі былғары қолғап шебері рингке 2026 жылдың күзінде оралуды көздеп отыр. Ломаченконың америкалық Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшарты аяқталғандықтан, енді ол кез келген промоутермен келіссөз жүргізе алады. Алайда украиналық боксшыны тек жеңіл салмақтағы үздік қарсыластармен өтетін жекпе-жектер ғана қызықтырады.
38 жастағы спортшы соңғы рет 2024 жылдың мамыр айында шаршы алаңға шыққан еді. Сол кездесуде ол австралиялық Джордж Камбосос-кішіні жеңіп, жеңіл салмақтағы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған болатын.
Қазіргі таңда Василий Ломаченко кәсіби мансабында 21 жекпе-жек өткізіп, оның 18-інде жеңіске жетіп, 3 рет жеңіліс тапқан.