Көз арбасу Мысырдағы әйгілі Гиза пирамидаларының маңында ұйымдастырылды
Әлемнің абсолютті чемпионы Александр Усик пен нидерландтық кикбоксшы Рико Верхувен алдағы титулдық жекпе-жек алдында алғаш рет көз арбасу рәсімін өткізді.
Боксшылардың ресми face-off шарасы Мысырдағы әйгілі Гиза пирамидаларының маңында ұйымдастырылды. Бұл көрініс жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырып, әлеуметтік желіде кеңінен тарады.
WBC тұжырымы бойынша аса ауыр салмақтағы чемпиондық айқас 23 мамыр күні Мысырда өтеді. Бұл жекпе-жек Александр Усик үшін әлем чемпионы ретіндегі кезекті маңызды сын болмақ.
38 жастағы украиналық боксшы 2012 жылы Олимпиада чемпионы болды. Усик 2018 жылы бірінші ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атанса, 2024 және 2025 жылдары аса ауыр салмақта да абсолютті чемпион мәртебесін иеленді.
Ал Рико Верхувен – кикбокс әлеміндегі ең танымал спортшылардың бірі. 37 жастағы нидерландтық файтер Glory ұйымының ауыр салмақтағы бұрынғы чемпионы саналады. Оның кәсіби рекорды – 28 жеңіс және бір ғана жеңіліс.