Альварес Геннадиймен арадағы әңгіме жайлы жылы пікір білдірді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық жұлдыз Сауль Альварес ұзақ жылдарға созылған текетірестен кейін тағы да бас қосты. Екі боксшы Мысырдың Гиза қаласында өткен Александр Усик пен Рико Верхувен арасындағы жекпе-жек кешінде кездесіп, жанкүйерлер назарын өздеріне аударды.
«Канело» лақап атымен танымал Альварес Геннадиймен арадағы әңгіме жайлы жылы пікір білдірді.
«Біз Геннадиймен түрлі естеліктерді айтып, әңгімелестік. Арамызда үш үлкен жекпе-жек өтті, сондықтан бөлісетін дүние де көп болды», – деді мексикалық боксшы.
Сондай-ақ Альварес қазақстандық былғары қолғап шеберінің рингке қайта оралу ықтималдығына да тоқталды.
«Геннадий өзіне не дұрыс деп санаса, соны істеуге толық лайық. Егер қайта оралып, тағы бір жекпе-жек өткізсе, бұл бокс үшін де, жанкүйерлер үшін де тамаша жаңалық болар еді», – деді ол.
Айта кетейік, Головкин мен «Канело» арасындағы алғашқы айқас 2017 жылы өтіп, даулы тең нәтижемен аяқталған еді. Бір жылдан кейінгі реваншта төрешілер шешімімен Альварес жеңіске жетсе, 2022 жылғы трилогияның соңғы кездесуінде де мексикалық боксшы басым түсті. Сол жекпе-жектен кейін Геннадий Головкин рингке шыққан жоқ. Дегенмен ол әлі күнге дейін мансабын ресми түрде аяқтағанын жарияламаған.