Жарнама
Жарнама

GGG есімі әлемдік бокс тарихында мәңгі қалмақ

Редактор
10.06.2026, 10:12

Геннадий Головкин Бокс даңқы залына қабылдау рәсімінің басты жұлдызы болады

әлеуметтік желі

Қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылдау рәсімінің басты қонағы әрі негізгі тұлғасы атанады. Бұл туралы беделді The Ring басылымы хабарлады.

Осы аптада өтетін салтанатты шара барысында Головкин ресми түрде 2026 жылғы Даңқ залының жаңа мүшелері қатарына қосылады. The Ring мәліметінше, қазақстандық былғары қолғап шебері рәсімнің хедлайнері ретінде көпшіліктің басты назарында болады.

Басылым алдағы тарихи оқиға қарсаңында Геннадий Головкиннің кәсіби мансабындағы жарқын сәттердің бірін еске алды. Осыдан тура жеті жыл бұрын, 2019 жылдың 9 маусымында қазақстандық боксшы канадалық Стив Роллспен кездесіп, бесінші раундта қарсыласын ауыр нокаутқа жіберген болатын.

«Дәл осы күні, 2019 жылы Геннадий Головкин Стив Роллсты жойқын сол қолымен нокаутқа түсірді. Ал осы демалыс күндері GGG 2026 жылғы Даңқ залының жаңа мүшелерін қабылдау рәсімін бастап береді», – деп жазды The Ring.

Геннадий Головкин кәсіби рингтегі мансабында орта салмақтағы ең үстем чемпиондардың бірі ретінде тарихқа енді. Ол ұзақ жылдар бойы әлемдік бокстың басты жұлдыздарының қатарында болып, бірнеше чемпиондық белбеуді иеленді. Сонымен қатар қазақстандық спортшы орта салмақтағы титулдарын ең көп қорғаған боксшылардың бірі саналады.

Халықаралық бокс даңқы залына қабылдану – спорттағы ең жоғары марапаттардың бірі. Бұл мәртебе кәсіби бокстың дамуына зор үлес қосқан және өз дәуірінде ерекше жетістіктерге жеткен саңлақтарға ғана беріледі.

Осылайша Геннадий Головкиннің есімі әлемдік бокстың ең ұлы тұлғаларының қатарында мәңгілікке қалмақ.

Реклама
Реклама