Бетербиев Биволмен үшінші жекпе-жектің қашан өтуі мүмкін екенін айтты
Жартылай ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Артур Бетербиев Дмитрий Биволмен болуы мүмкін үшінші жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.
Ресейлік боксшының айтуынша, ол Биволға қарсы рингке бес-алты айдан кейін қайта оралудан үмітті. Алайда Бетербиев қарсыласының трилогия өткізуге қаншалықты дайын екеніне күмән келтірді.
«Биволмен үшінші жекпе-жек кем дегенде бес-алты айдан кейін өтеді деп күтемін. Бірақ ол жұдырықтасқысы келмейді», — деді Бетербиев The Ring журналына берген сұхбатында.
Айта кетейік, қос боксшы арасындағы алғашқы кездесу 2024 жылдың қазан айында өтті. Ол жекпе-жекте Бетербиев төрешілердің басым шешімімен жеңіске жетіп, жартылай ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атанған еді.
Алайда 2025 жылдың ақпанында Бивол қарымта кездесуде жеңіске жетіп, қарсыласына кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеді. Осылайша екі боксшы арасындағы текетіресте есеп теңесті. Екінші жекпе-жектен кейін тараптар мықтыны анықтайтын шешуші үшінші айқас өткізуге келіскен. Дегенмен трилогияны ұйымдастыру процесі Дмитрий Биволдың операция жасатуына байланысты уақытша тоқтап қалды.
Осы себепті үшінші жекпе-жектің нақты күні бойынша келіссөздер кейінге шегерілген.