Жарнама
Жарнама

«Мені сындыра алмайсыңдар». Бақыт Сәрсекбаев өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеді

Редактор
Бүгін, 16:21

Бапкер федерацияға мән-жайды баяндаған

Әлеуметтік желі

Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желіде өзіне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

Жаттықтырушының айтуынша, белгісіз адамдар оның қызметіне араласып, жұмыс процесіне кедергі келтіруге тырысып жүр. Осыған байланысты ол Instagram парақшасында үндеу жариялап, ешқандай қысым мен арандатуға берілмейтінін жеткізді.

«Сынбаймын ғой. Сындыра алмайсыңдар ғой! Ешқашан да байланыстарыңмен, телефонмен, провокациямен қорқыта алмайсыңдар! Мен жүрген жерде тек қана тәртіп, дисциплина, әділдік болады! Мен ештеңе сұраған емеспін, бар сұрарым – жұмыс істеуге кедергі келтірмеңдер! Маған кедергі жасау – қазақ боксына кедергі жасау! Менің интрига, провокацияға уақытым жоқ, алдымызда жауапты бәсеке тұр! Кейбіреулерге ескерту!» – деп жазды Сәрсекбаев.

Кейін жаттықтырушы жағдайға қатысты пікір білдіріп, әзірге оқиғаның барлық мән-жайын жариялауға және нақты адамдардың есімдерін атауға ерте екенін айтты.

«Қазір толық айта алмаймын. Бұл мәселеге қатысты федерацияға ресми түрде жүгіндім. Егер мәселе шешілмесе, кейін бәрін ашық айтамын. Әзірге ешкімнің есімін атағым келмейді», – деді ол.

Бақыт Сәрсекбаевтың сөзінше, дау оның жаттықтырушылық қызметіне сырттан араласу әрекеттерінен туындаған.

«Менің жаттықтырушылық жұмысыма араласып, жұмыс процесін бұзуға, ұжымдағы тұрақтылықты шайқауға әрекет жасалды. Қазір мәселе федерацияның қарауында», – деп түйіндеді Олимпиада чемпионы Dalanews.kz тілшісіне.

Реклама
Реклама