Тағы бірі ширек финалдан аса алмады
Индонезия астанасында бокстан 19 және 23 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионаты жалғасып жатыр. U23 санатында Қазақстанның қыздар командасынан үш қыз жартылай финалға шығып үлгерді.
Алғашқылардың бірі болып 48 келіде өнер көрсеткен Гүлназ Бөрібаева рингке көтерілген. Ол Үндістаннан келген боксшы Нидхимен жұдырықтасты. Өте тартысты жекпе-жек нәтижесінде төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Бөрібаеваға берді. Енді ол Азия чемпионатының алтыны үшін жарысты жалғастырады.
Сондай-ақ, 51 келіде бақ сынаған Анита Адишева да ширек финалдан сүрінбей өтті. Ооның жолы Вьетнам өкілі Зи Нгок Тран Нгуенмен түйіскен болатын. Жекпе-жекте соққы алмасу барысында дәлдік танытқан отандасымыз төрешілердің шешімімен (4:1) басым түсті.
Ал, 57 келідегі Ұлжан Сәрсенбек Жапония өкілі Рико Ямадамен қолғап түйістірді. Алғашқы раундтан-ақ отандасымыз қарсыласын қыспаққа алып, ұпай саны бойынша алға шықты. Қалған уақытта Ұлжан қолындағы басымдықты уысынан шығармай, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
54 келідегі Сымбат Әлиасқар болса ширек финалда сүрініп отыр. Ол Үндістан боксшысы Нишамен жұдырықтасып, 0:5 есебімен жеңілді.
Еске салайық, Қазақстан Джакартаға ерлер және қыздар командасын қоса есептегенде барлығы 39 боксшысын алып барды. Жарыс 3 шілдеде басталып, 16 шілдеде мәресіне жетеді.