Жарнама
Жарнама

Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалды

Редактор
Бүгін, 16:24

Ол мас күйде автокөлік айдап, жол көлік оқиғасын жасаған

Instagram.com / yeleussinovdaniyar

Көлікті мас күйде айдап, бірнеше автокөлікті соққаны үшін даңқты боксшы Данияр Елеусініов 20 тәулікке қамалды. Бұл туралы Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады.

Сотта анықталғаны, Елеусінов өзінің Toyota Land Cruiser Prado автокөлігімен үш рет жол көлік оқиғасын жасаған. Бұл сәтте ол алкогольді ішімдікке мас болыпты. 

Алдымен жерасты автотұрағы қақпасының тірегін барып соққан. Артынша екі көлікті зақымдапты. Кейіннен Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққының әсерінен аталған автокөлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған.

Жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына механикалық зақым келтіріліп, материалдық шығын келтірілген.

«Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес Е.-де алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сонымен қатар кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды», - делінген сот таратқан ақпаратта.

Осыдан кейін Данияр Елеусіновті 20 тәулікке қамау және жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыру жазасы тағайындалды.

Еске салайық, Данияр Елеусінов бокстан 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы.

Реклама
Реклама