WBO ұйымы Жәнібек Әлімханұлын Хамза Шираздың титулына міндетті үміткер ретінде бекіткен
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO ұйымының ортадан жоғары салмақтағы әлем чемпионы Хамза Ширазға қарсы міндетті жекпе-жегін Нью-Йоркте өткізуді қалайды.
Қазақстандық боксшының айтуынша, жекпе-жекті Нью-Йоркте өткізуге себептің бірі – қалада қазақ жанкүйерлерінің көп болуы. Әлімханұлы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Top Rank Хамзамен жекпе-жегімізді ұйымдастырып, оны Нью-Йоркте өткізеді деп үміттенемін. Себебі ол жерде қазақтар көп! Арена толығымен менің жанкүйерлеріме толады», — деп жазды Әлімханұлы.
Бұған дейін WBO ұйымы Жәнібек Әлімханұлын Хамза Шираздың титулына міндетті үміткер ретінде бекіткен. Енді қос боксшының командалары жекпе-жек шарттарын келісу үшін 20 күн уақыт алды. Егер осы мерзімде ортақ келісімге келе алмаса, жекпе-жекті өткізу құқығы үшін арнайы сауда ұйымдастырылады.