Жарнама
Жарнама

«Бокс үшін ұят жағдай»: Шираз Әлімханұлымен жұдырықтасудан бас тартты

Редактор
Бүгін, 08:48

Шираз WBO-ның Жәнібекке қатысты шешіміне қарсы шықты

Getty Images

WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын өзінің міндетті қарсыласы ретінде тағайындау туралы шешімге наразылық білдірді.

Британдық боксшының сөзінше, Әлімханұлының допингке қатысты жағдайынан кейін WBO-ның мұндай шешім қабылдауы оған түсініксіз.

«Шынымды айтсам, мұны әзіл сияқты қабылдадым. WBO-ның әрекеті – бокс үшін ұят жағдай. Допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткен адамды іс жүзінде марапаттап отыр. Оның үстіне дисквалификация мерзімі әлі аяқталмаған кезде осындай мүмкіндік берілді. Мен рейтингте ұзақ жолдан өттім, таза спорт қағидаларын үнемі сақтап келдім. Осы чемпиондық белбеуге үлкен еңбекпен жеттім. Сондықтан міндетті қарсыластарды тағайындауда түсінікті әрі жүйелі шешім болады деп күттім», – деді Шираз Ариэль Хельваниге берген сұхбатында.

Шираз бастапқыда келесі қарсыласы Якоб Банк болады деп күткенін де атап өтті.

Ширазды тағы бір жайт таңғалдырды

Британдық боксшы Әлімханұлының бұған дейін екінші орта салмақта бірде-бір жекпе-жек өткізбей тұрып, бірден міндетті үміткер атануын да сынға алды.

«Оны бұрын мүлде өнер көрсетпеген жаңа салмақ дәрежесінде міндетті қарсылас етіп тағайындап отыр. Бұл шешім үшін жауапкершілік санкция беретін ұйымға жүктеледі. Оң нәтиже көрсеткен сынама – бәрібір оң нәтиже. Біздің спортта адамдар өз өмірін қатерге тігеді», – деді ол.

Соған қарамастан, Шираздың спорттық тұрғыдан Жәнібекпен жұдырықтасуға ниеті бар. Алайда ол бұл жекпе-жекке келісу өзінің таза спортқа қатысты ұстанымына қайшы келуі мүмкін екенін жеткізді.

«Боксшы ретіндегі мінезім мен намысым: “Келіс, рингке шық та, өз жұмысыңды істе” дейді. Бірақ моральдық қағидаларды ұстанатын таза спортшы ретінде бұл жекпе-жекке келісу өз сеніміме қарсы келетінін түсінемін. Мені өте қиын жағдайға қойды. Енді командаммен отырып, әрі қарай не істейтінімізді шешуіміз керек», – деді Шираз.

Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлының мельдонийге оң нәтиже көрсеткен допинг сынамасына байланысты дисквалификация мерзімін қысқартып, оны екінші орта салмақта Хамза Шираздың міндетті қарсыласы ретінде тағайындаған болатын.

Реклама
Реклама