Сұлтан Зауырбек әлем чемпионына міндетті үміткер атану үшін жұдырықтасады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зауырбек IBF тұжырымы бойынша екінші жеңіл салмақта әлем чемпионы атағына міндетті үміткер мәртебесі үшін маңызды жекпе-жек өткізеді.
Алдын ала ақпарат бойынша, кездесу 26 қыркүйекте Аустралияның Квинсленд штатында өтеді. Зауырбектің қарсыласы – жергілікті боксшы Джексон Ингленд.
Қазақстандық боксшы кәсіпқой рингте 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 13 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Инглендтің еншісінде 19 жеңіс пен үш жеңіліс бар, 10 қарсыласын нокаутқа түсірген.
Бұл айқастың маңызы жоғары. Жеңімпаз IBF желісі бойынша әлем чемпионына міндетті үміткер атануы тиіс. Осылайша, Зауырбек жеңіске жетсе, әлемдік титул үшін жекпе-жекке айтарлықтай жақындайды.
Бастапқыда қос боксшы 27 маусымда Пертте кездесуі керек еді. Кейін жекпе-жек 17 шілдеге ауыстырылғанымен, тағы өтпей қалды. Енді BoxRec порталында айқастың жаңа күні ретінде 26 қыркүйек көрсетілген. Дегенмен кездесу әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Зауырбек соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы 5 сәуірде Астанада өткізіп, оңтүстік африкалық Азинга Фузилені жеңген.
Ал Джексон Ингленд соңғы рет 2025 жылғы 26 сәуірде рингке шығып, отандасы Лейн Тэйлорды он раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.
Инглендке қарсы кездесу Зауырбектің осы уақытқа дейінгі кәсіпқой мансабындағы ең маңызды сындардың біріне айналмақ.