Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын Шираздың чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер ретінде бекіткен
WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен міндетті жекпе-жек өткізудің орнына чемпиондық белбеуін босатуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Британдық боксшы бұл туралы танымал журналист Ариэль Хельваниге берген сұхбатында айтып, түпкілікті шешімді командасымен ақылдасқаннан кейін қабылдайтынын жеткізді.
«Мұны командаммен талқылауым керек. Олардың қабылдаған шешімі сені тығырыққа тіреп, осындай қадам туралы ойлануға мәжбүрлейді. Егер мен солай жасасам, оны толық негізді шешім деп есептер едім. Мен үнемі принциптер туралы айтып келемін. Мұнда таза спортшы болу және таза спортшыларды қолдау мәселесі тұр», – деді Шираз.
Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын Шираздың чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер ретінде бекіткен. Осылайша британдық боксшы титулын қазақстандыққа қарсы қорғауы тиіс.
Шираздың мәлімдемесіне Әлімханұлының допингке байланысты дисквалификациясының мерзімінен бұрын тоқтатылуы себеп болып отыр. Қазақстандық боксшының мельдонийге тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін оған бір жылдық шеттету жазасы берілген. Алайда WBO белгілеген талаптарды орындаған соң, оның дисквалификациясы 10 шілдеден бастап мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Жәнібек бұған дейін орта салмақта WBO чемпионы болған. Биыл жазда ол чемпиондық белбеуін босатып, екінші орта салмаққа көтерілді. Енді қазақстандық боксшы жаңа дивизионда бірден әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндік алып отыр.
Әлімханұлы кәсіпқой рингте 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, оның 12-сін нокаутпен аяқтаған. Ал Шираздың еншісінде 24 жеңіс (19 нокаут) және бір тең нәтиже бар.
Егер британдық боксшы WBO белбеуінен шынымен бас тартса, ұйым вакантты титул үшін Әлімханұлына басқа қарсылас тағайындауы мүмкін.