Жарнама
Жарнама

Еркебұлан Тоқтар өзбек боксшысын төрт рет нокдаунға түсіріп, нокаутпен жеңді

Редактор
28.08.2026, 22:17

Екі раундтың ішінде өзбекстандық боксшы жалпы төрт рет нокдаунға түсті

Видеодан кадр

Қазақстандық Еркебұлан Тоқтар кәсіпқой бокста кезекті жарқын жеңісіне қол жеткізді. Ол 28 тамызда Астанада өткен IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирінде Өзбекстан өкілі Бобиржон Исроиловпен кездесті.

Екінші орта салмақта өткен жекпе-жек алғашқы минуттардан-ақ тартысты басталды. Бірінші раундта боксшылар өзара нокдаун алмасты. Исроилов екі рет еденге құласа, Еркебұланның өзі де бір мәрте нокдаунға түсті.

Алайда екінші раундта қазақстандық боксшы басымдықты толық өз қолына алды. Тоқтар қарсыласын тағы екі рет нокдаунға жіберіп, артынша шабуылын жалғастырды. Кезекті ауыр соққылардан кейін Исроилов жекпе-жекті жалғастыра алмады. Төреші кездесуді тоқтатып, Еркебұланның нокаутпен жеңгенін тіркеді.

Осылайша, екі раундтың ішінде өзбекстандық боксшы жалпы төрт рет нокдаунға түсті.

Айта кетейік, Тоқтар бұған дейінгі кәсіпқой жекпе-жегін 2025 жылдың желтоқсанында өткізген. Сол жолы ол тәжірибелі Тимур Никулинді бірінші раундта нокаутқа түсірген еді.

Реклама
Реклама