Жарнама
Жарнама

Тайсон Фьюри Александр Усикті үшінші жекпе-жекке шақырды

Редактор
Бүгін, 10:00

Усик пен Фьюри бұған дейін 2024 жылы екі рет кездескен

Andrew Couldridge/Action Images via Reuters

Ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Тайсон Фьюри украиналық Александр Усикпен үшінші рет кездескісі келетінін мәлімдеді.

Британдық боксшы мұндай ұсынысты Энтони Джошуамен жоспарланған жекпе-жекке қатысты келіссөздер тығырыққа тірелгеннен кейін жасады. Фьюридің айтуынша, ол қарашада Усикпен жұдырықтасуға дайын.

«Қарашада тағы кездесіп, бәрін қайталайық. Енді шешім сенде: биыл менімен жұдырықтасасың ба, әлде мансабыңды аяқтайсың ба?», — деді Фьюри

Усиктің менеджері Сергей Лапин де Фьюридің ұсынысына жауап беріп, украиналық боксшыны қосалқы қарсылас ретінде қарастыруға болмайтынын айтты.

«Усик – Тайсонның қосалқы жоспары емес. Нақты ниет баспасөздегі мәлімдемемен емес, ресми ұсыныспен дәлелденеді», — деді Лапин. 

Усик пен Фьюри бұған дейін 2024 жылы екі рет кездескен. Мамырдағы алғашқы жекпе-жекте украиналық боксшы төрешілердің бөлек шешімімен жеңіп, ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атанды. Желтоқсанда өткен қарымта кездесуде де Усик төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсті.

Осылайша, ықтимал үшінші жекпе-жек Фьюри үшін екі жеңілістің есесін қайтаруға мүмкіндік болмақ. Дегенмен трилогияның өтуі әзірге екі тараптың ресми келісіміне байланысты.

Реклама
Реклама