Шымкенттік талантты боксшы 70 келіде ел намысын қорғайды
Бокстан Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов Азия ойындарына баратын боксшылардың құрамына қатысты пікір білдірді деп жазады Sportarena.kz сайты.
Еске салайық, бұған дейін 70 келіде жарысқа баратын боксшыны таңдауда қиындық туған болатын. Ұлттық құраманың бапкерлері ақылдаса келе Абылайхан Жүсіпов пен Төрехан Сабырхан арасында таңдау жасап, соңғысына тоқталды. Еділов бұл шешімнің дұрыс болғанын айтып отыр.
«Бұл – дұрыс шешім. Мен өзім ұлттық құраманы жаттықтырып жүріп, жастарға өзін көрсетуге көбірек мүмкіндік бердім. Дәл осылай басқа да бапкерлердің жұмыс істеп жатқаны мені қуантты. Төрехан небәрі 20 жаста және ол әлем чемпионы. Иә, Азия чемпионатының финалында жеңілгені рас, бірақ Жүсіповтің де жеңілісі бар. Абылайханда Олимпиадада өзін көрсететін екі мүмкіндігі болды. Сабырхан жас боксшы, ол Азия ойындары секілді жарыстарда тәжірибе жинамаса басқа қай жерге барып жинайды», - деді Еділов.
Оның сөзінше, Азия чемпионатының финалындағы жеңілістен Төрехан сабақ алып, алда мұндай кемшіліктерді жібермеуге тырысады.
«Төреханның қандай сабақ алғанын, қалай өзгергенін көргім келеді. Оның бапкері бірнәрсе өзгерте ме екен? Ол бұрынғыдай екінші номерлі боксшы болып жұдырықтаса ма, әлде алға өзі жүре ме? Менің ойымша, финалдағы жеңіліс оны мықты ете түсті, енді оған өзін дәлелдеу керек. Оның үстіне, егер осы ойындарда жеңілсе, алдағы лицензиялық турнирге Абылайханның баратыны анық», - деді бокс бапкері.
Айта кетейік, Азия ойындары биыл Жапонияда 21 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді.